«Достар дауысы» жобасы — 1995-1996 жылдары «Алатау» телеарнасынан көрсетілген «Қуырмаш», «Өнерлі бала сүйкімді», «Әп, бәрекелді! — Вот молодец!» сияқты балаларға арналған музыкалық бағдарламалардың жалғасы. 2000 жылдан бері байқау «Достар дауысы» деген атпен халықаралық деңгейде өтіп келеді. 20 жыл ішінде 3000 адам І, ІІ, ІІІ дәрежелі лауреат, 3500 адам І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломант, 35 адам бас жүлде иегері атанды. Жүлдегер атанған жас таланттар Испания, Швеция, Италия, Болгария, Ресей, Мысыр, Грекия, Венгрия және Балтық жағалауы елдеріндегі байқауға қатысқан.
Бұл байқау Қайрат Нұртас, Шолпан Төлегенова, Ақерке Тәжібаева, Мұрагер Сауранбаев сияқты өнерпаздардың шығармашылығына жол ашқан.
Жоба авторының айтуынша, байқау аясында көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан өнерлі балаларға қолдау көрсетіледі.
Байқаудың мақсаты — еліміздің түкпір-түкпірін аралап, жас таланттарды табу, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру, өнерін дамыту, үлкен сахнаға алып шығу. Сонымен бірге көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға қаржылай жағынан біздің педагогтар барынша қолдау көрсетіп жатыр. Мәселен, ақын-композитор Мұхтар Құралов бір талантқа бір айлық зейнетақысын берген еді, — дейді жоба авторы Қалкен Қасымбеков.
Бүгінде шығармашылық топтың бес облыста филиалы бар. Олар әр жерде, әсіресе ауылдарда балаларға іріктеу өткізеді. Жақында жоба ұжымы Шымкентте және Түркістан облысының елді мекендерінде болған. Байқауды ұйымдастырушылардың айтуынша, іріктеу кезінде балалардың көбі жасқаншақтығынан таланттарын бірден көрсете алмай жатады екен.
Балалардың көбі ұялшақ, қымсынады, бірден ашылып, өнерін көрсетуге ұялады. Біз оны түсінеміз, сол себепті кейбіріне екінші мүмкіндік береміз. Арасынан ең үздік атанғанын шетелде өтетін конкурстарға апарамыз, — дейді әнші Сағат Әлдекенов.
Ұйымдастырушылар халықаралық байқауға барып келген балаларға, бір отбасыдан шыққан екі не одан да көп талантты жасқа шетелде өтетін конкурстарға бару үшін қаржылай көмек береді.
Кейбіреулер: «Менің балам басқа байқаудан гран-при алды, неге сіздерден екінші орын алды?» — деп сұрайды. Біз оларға бала ән айтса, оның ән айту қабілеті, өзін сахнада ұстау мәдениеті және тағы басқа қырларын қарайтынымызды түсіндіреміз. Жалпы, біздің байқаулардың әділ өтетініне 100% сеніммен айта аламын, — дейді ол.
«Достар дауысы» жобасы телеарналарда аз ротацияланатын әншілерге де қолдау көрсетеді.
29 ақпан күні Алматыдағы Оқушылар сарайының сахнасында байқаудың 20 жылдығына арналған концерт өтеді.