Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, шараға Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің филолог ғалымдары, арнаулы оқу орны оқытушылары, қазақ тілі пәні мұғалімдері, «Тіл» оқу-әдістеме орталығы оқытушылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдар Башбаев ашты.

Бүгінгі басқосудың жөні бөлек. Президенттің тапсырмасына сәйкес, латыннегізді қазақ тілі әліпбиін жасау мәселесі еліміз бойынша талқыланбақ. Сіздерге әліпбидің төрт нұсқасы ұсынылып отыр. Осы аталған нұсқалар бойынша ойларыңызды айтыңыздар. Ал пікірлер Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияға ұсынылады, — деді Айдар Башбаев.

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының деканы, философия (PhD) докторы Айна Рахимова әліпбидің умлаут нұсқасын таңдайтынын айтып, ерекшелігіне назар аударды.

Жетісу мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия (PhD) докторы Гүлім Чүкенаева бұл жалпыхалықтық мәселені шешуге халықты бірігіп атсалысуға шақырды.

Ал қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры (доцент), ф.ғ.к. Қарлығаш Сарбасова латыннегізді әліпбиді жасөспірім балаларға үйрету еш қиындық тудырмайтынын айтып, ң, ғ, і әріптерінің таңбалануына қатысты пікір білдірді.

Б.Жолбарысұлы атындағы орта мектеп-лицейдің мұғалімі Анар Садуақасованың айтуынша, балаға да, ересекке де түсінікті нұсқаны таңдау керек.

Жазу — әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол — өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Сондықтан жазу, алфавит адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз. Балаларға да, үлкенге түсінікті болатындай нұсқаны таңдағанымыз жөн болар, — деді ол.

 Жиын соңында қатысушылар өздеріне ұнаған нұсқаны жазбаша түрде таңдады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!