Халық санағын желеу етіп үй аралайтын алаяқтар бар

Ведомство сайтының хабарлауынша, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде алаяқтықтың жаңа бір түрі пайда болғаны туралы ақпарат тарап жатыр.

Қолдарына папка ұстаған, куәліктері бар, ақ жейдедегі жастар өздерінің әкімдіктен екенін және халық санағын жүргізіп жүргенін хабарлай отырып, үйлерді аралайды. Осыған байланысты ҚР ҰЭМ Статистика комитеті қалың жұртшылық пен тұрғындарға ақпарат беру мақсатында мұндай «сілтемелердің» шындыққа жанаспайтынын және ол адамдардың халық санағын өткізуге ешқандай қатысы жоқ екенін ресми түрде хабарлайды, — делінген  хабарламада.

Биыл ұлттық халық санағы 1-30 қазан аралығында өтеді. Санақ интервьюерлері үйлерді мынадай кезеңдерде аралайды:

1) 1-30 маусым аралығында өткізілетін дайындық кезеңінде, бұл кезеңнің интервьюерлері тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайларды, құрылыстарды, ондағы тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді аралап шығады;

2) негізгі кезеңде — 1-30 қазан аралығында, 31 қазаннан 7 қарашаға дейінгі аралықта қосымша бақылау да жүргізіледі.

Интервьюерде тиісті куәлік, 2020 жылғы халық санағының логотипі бар көк түсті портфель және көк түсті мойынорағыш болады.