ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ақпан айында жариялаған мәліметі бойынша 2019 жылы Қазақстанда дәретхана қағазы өндірісі 35,4 мың тоннаға жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 29,1% артыпты. Ал дүниежүзі бойынша өндірілетін біркүндік рулон саны 83 миллионнан асады. Бұл — жылына 30 миллиардтан көп дәретхана қағазы рулоны шығарылады деген сөз.
Антика тарихы мен археологияға маманданған жазушы Питер Джеймс пен ежелгі дәуір мәдениетін зерттейтін археолог Ник Торп жазған «Байырғы өнертабыстар» кітабында қағаз санитария-гигиена мақсатында тұңғыш рет Қытай аумағында пайдаланыла бастады делінген. Біздің заманымыздың 589 жылы қытай ғалымы Ян Жітүй «Бескітап (Wujing) үзінділері келтірілген немесе данышпандардың есімі жазылған қағазды дәрет кезінде пайдаланбау керек екенін ескертемін» деп жазған екен. Ал IX ғасырда Аспанасты еліне саяхаттап барған әлдебір араб саяхатшысы «Қытайлар тазалыққа мүлдем мән бермейді. Сумен жуудың орнына, қағазбен сүрте салады» деп естелік қалдырыпты. XIV ғасырда бұл іс кәдімгідей өндіріске айналған: 1393 жылғы жазбалардың бірінде сарай қызметкерлерінің қажеті үшін 720 мың парақ дәретхана қағазы шығарылғаны туралы айтылады. Бұдан бөлек, императордың отбасына арнап қалың, жұмсақ және хош иісті 15 000 парақ әзірленгені көрсетіліпті.
Жалпы, адамзат гигиена үшін жүздеген жыл бойы қағаздан басқа алуан түрлі зат пайдаланып келген. Мәселен, Ежелгі Римде ұзын таяқтың басына оралған, тұзды суға салынған жөке; ортағасыр Еуропасында малдың жүні немесе жұқа мата; суық аймақтарда жазда мүк, қыста қар; Америкада жүгері собығы; тропикте кокос жаңғақтарының қабығы мен бақалшықтар қолданылыпты. Ислам мен индуизмді ұстанатын елдер сол қолды пайдаланып, сумен жуғанды жөн көрген.
Баспа ісі дамып, күнделікті өмірде пайдаланатын қағаз дүние көбейгенде адамдар газет-кітапқа көшкен. Америкадағы ең ежелгі бұқаралық ақпарат құралдарының бірі «Кәрі фермер альманахы» халық арасында кең тарап, гигиена тұрғысынан ерекше сұранысқа ие болғаны сонша, редакция оны жұмсақ сұр қағазға басып, дәретханадағы шегеге іліп қою үшін бір бұрышын тесіп шығаратын болған.
Қайта ойлап табылған қағаз
1857 жылы Нью-Йоркте тұратын бизнесмен Жозеф Гайетти тік төртбұрыш формасында әзірленген, пәшкілеп сатылатын дәретхана қағазын шығара бастайды. Бүтіндей бір доллар (ол заман үшін тым жоғары баға) тұратын бұл өнімді бизнесменнің мақтан еткені сонша, әр парақта есімін көрсетіп, елге «геморройдан емдейді» деп жарнамалаған.
1880 жылдары осыған ұқсас қағазды англиялық Джеймс Олкок та ұсынады. Алайда дүкенде тұрып «дәретхана қағазы бар ма?» деп сұраудан қысылатын мәдениетті ағылшындар Олкоктың кәсібін құрдымға кетіре жаздайды. Қиналған бизнесмен халықты ыңғайсыз жағдайда қалдырмау үшін қорапқа «Қағаз бигудилер» деп жазуға мәжбүр болады.
Жалпы, бұрынғының адамдары бұл тақырыпта сөйлеуді аса жақтыра бермесе керек. Мәселен, ХХ ғасырдың басында ағайынды Кларенс және Ирвин Скотт Вирджинияда өздері шығарған дәретхана қағазы туралы әңгімелеп бермекші болады, бірақ тауарды тым интим және адамгершілікке жат деп бағалаған шенеуніктер мен бизнес өкілдері презентациядан қашып кеткен.
1890 жылы сол АҚШ-та Артур Скотт есімді кәсіпкердің компаниясы Scott Paper Company тұңғыш рет рулон түрінде дәретхана қағазын шығаруға кіріседі.
1928 жылы неміс кәсіпкері Ханс Кленк рулон түрінде шығатын перфоратты (кедір-бұдыр) қағаз ойлап табады. Есімі мен тегінің алғашқы әріптерін алып, Hakle атты компания ашқан Кленк «Hakle рулондарын сұраңыз, сонда «дәретхана қағазы» деп айтудың қажеті болмайды» деген жарнама слоганымен ел назарына ие болады.
15 жылдан кейін Лондондағы әулие Эндрю қағаз фабрикасы бірінші рет екі қабатты дәретхана қағазын ойлап табады. Бұл жаңалық бірден халықтың сұранысына ие болып, жаппай өте бастайды.
Осы ретте салыстыру үшін айта кетейік: Кеңес Одағындағы дүкендерде дәретхана қағазы тек 1970 жылдан бастап, яғни Юрий Гагарин ғарышқа ұшқаннан 9 жыл өткеннен кейін барып сатыла бастаған екен.
Көзіміз үйреніп кеткен құралдардың бірі осылай пайда болған. Алайда бізге таңсық көрінбегенімен әлем халқының 70%-і әлі де болса дәретхана қағазын тұрақты қолданбайды — бір жерлерде қағаз өндірісі жолға қойылмаған, енді бір ел тұрғындарының тұрмысы төмен, «қағаз алғанша, тамақ алмаймын ба» деп ойлайды.
Айтпақшы, бір адамның өміріне жететін дәретхана қағазын шығару үшін 384 түп ағаш керек екен.