Білім және ғылым министрлігі «Астана» университетін сотқа берді

«Астана» университеті министрліктің тексеру жұмысына кедергі жасап, құжаттарды ұсынбаған.

Лауазымды тұлғаларға мемлекеттік бақылау жүргізу кезінде кедергі жасау фактісі бойынша ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 462-бабының 1-тармағымен әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды. Қазіргі кезде тиісті материалдар сот қарауына жіберілді, — деп хабарлады БҒМ баспасөз қызметі.

Министрліктің мәліметінше, 2019 жылы «Астана» университетінің білім беру жұмысына қатысты көрсеткіші төмен болған. Сол себепті оқу орны 2020 жылдың бірінші жартысында профилактикалық бақылауға алынатын білім беру ұйымдарының тізіміне енгізілді. 12 ақпанда министрлік университетке профилактикалық бақылау жүргізу туралы хабарлама жіберген. Келесі күні тиісті акт Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде тіркелді. 17 ақпанда университет комиссияны ғимаратқа кіргізіп, тиісті құжаттарды немесе олардың көшірмесін ұсынуға міндетті болды. Бірақ оқу орны бақылау жүргізу тәртібін бұзып, құжаттарды ұсынбаған. Министрлік университет ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 155-бабының («Бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезіндегі бақылау және қадағалау субъектісінің не оның уәкілетті өкілінің құқықтары мен міндеттері») 2-тармағының 1-2-тармақшаларын бұзды деп отыр.