«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынған үйлер сапасыз болып шықты

Қателіктер салдарынан «Шығыс» ауылында 5 үй өртеніп кетті. Осыған байланысты қала әкімдігінде арнайы комиссия құрылып, баспаналардың сапасын тексеруге кірісті. Қайрол Өсерханның баспанасы бас-аяғы 15 минутта күлге айналған. Бірде-бір дүние мүлкі қалмаған. Тек өрттің арасынан құжаттарын алып үлгерген.

Екі апта бұрын болған бұл тілсіз жаудың себебін қазір құзырлы органдар тексеріп жатыр. Жалпы «Шығыс» ауылы салынған 5 жылда 5 баспана өртенді. Тұрғындардың айтуынша, электр желілері талапқа сәйкес тартылмаған.

Баспаналар салынып болған соң мемлекеттік қабылдау комиссиясына төтенше жағдайлар қызметкерлері қатыстырылмапты.

Рауан Қасайынов, қалалық ТЖ басқармасының бөлім басшысы:

— Тікелей Өскемен қаласының төтенше жағдайлар қызметі арнайы комиссияның құрамына қатысқан жоқ. Біз үйлерді қабылдап алған жоқпыз.

Олжас Керейхан, тілші

— Жалпы «Шығыс» ауылында 611 үй болса, оның тең жартысы мындай пенопластан немесе жазғы баспаналарға арналған құрылыс материалдарынан салынған. Ал электр желілері 380 Вольттық қуат көзіне қосылған. Сондықтан да өрт қауіпсіздігі көп үрей туғызады.

 

Екі-үш жыл бұрын үйлері өртеніп кеткен отбасылар өз қаржыларына өздері баспана салып алған. Ал Қайрол Өсерханға осы ауылдан мемлекет есебінен басқа үй берілді.

Қайрол Өсерхан, Шығыс ауылының тұрғыны

— Қазір жылу тартып, ішін жөндеп, осы үйге кіріп, орналасып жатырмыз. Әйел, бала-шағаммен. Бәрі жақсы болып тұр.

Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша бұл ауылды салуға мемлекеттен 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Құрылысты сапасыз жүргізген мердігер мекемелердің өкілдері кейін сот алдында жауап берді.

Айта кетейік, «Нұрлы көш» бағдарламасының басты мақсаты – шеттегі қандастарымызды, сондай-ақ еліміз аумағында еңбек қызыметін жүзеге асыру үшін келген Қазақстанның бұрынғы азаматтарын; қолайсыз аудандарда тұратын тұрғындарды ұтымды қоныстандыру және олардың жайғасуына жәрдемдесу. Бағдарламаны іске асыруға 2009-2011 жылдарға 197 795,6 млн. теңге, оның ішінде қосымша 118 073,7 млн. теңге бөлінген.

ДереккөзBaq.kz