Былтыр Қазақстанда кәмелет жасына толмағандар 180 суицид жасаған, 351 жас өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 6,7% көп. Суицид көрсеткіші Түркістан, Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында жоғары.
Суицидтің негізгі себебі мектептегі мазақтау, ата-анамен сөзге келіспей қалу, баянсыз махаббат емес, оның себебі жасөспірімнің психологиялық денсаулығында жатыр. Психологиялық денсаулығы сау баланы мектепте мазақтаса, ол оны қиын болса да, басынан өткереді. Дегенмен кейде бұл балалардың ішінде түрлі қиындық жиналып, соңы қайғылы жағдайға ұрындыруы мүмкін. Бұл жастағыларда суицидтің импульсив түрі де кездесіп жатады. Баланың жан дүниесі тұрақсыз болып тұрғанда елеусіз нәрсе үшін де суицид жасауы мүмкін. Мұндай проблемамен әуелі мектеп психологтары күресе алады, — деді психолог, жасөспірімдерге арналған Soul Games жобасының жетекшісі Светлана Богатырева жасөспірімдердің психологиялық денсаулығы туралы баспасөз мәслихатында.
Жоба мүшелері 2017 жылы Израиль сарапшыларының қатысуымен мектеп психологтарының суицид тақырыбындағы біліктігін арттыру мақсатында апробацияланған авторлық бағдарлама әзірлеген.
Бағдарлама бойынша психологтарға ата-аналар мен жасөспірімдерге арналған топтармен жұмыс істеуді үйретеміз. Бұл топтарда балаларға да, ата-аналарға да сабақ тегін өтеді, — деді Светлана Богатырева.
Жоба психологтары суицидті болдырмау үшін жасөспірімдерге арналған квест ойындарын әзірлеген. Ата-ана мен баланың қарым-қатынасын жақсартуға, психологиялық денсаулық тақырыбын бірігіп талдауға арналған үстел ойындары да бар.
Квест барысында балалар параллель әлемге тап болып, өздерін жиі мазалайтын мәселелер бойынша «махаббат», «достық», «араздық» және «эмоция» деп аталатын локациялардан өтеді. Әр станцияда психологтар әзірлеген тапсырмаларды орындайды. Ойын ойнап жүргенде балалар ата-анасымен ашық сөйлеспейтін тақырыптарды талқылайды. Мұндай квестің екі түрі бар. Біріншісінде баланың өзін-өзі ұстауы мен эмоциясы талданса, екіншісінде балаға кәсіби бағдар беріледі, — дейді жоба жетекшісі.
Алматы білім басқармасының әдіскері Венера Қоқанова қала оқушылары арасындағы суицид жағдайлары мен мектеп психологтарының жұмысына қатысты ақпарат берді. Ол балалармен жұмыс істейтін психологтарға Soul Games жобасы әзірлеген бағдарламаға қатысуға кеңес берді.
Қаладағы 200-ден астам мектепте 500-ден астам психолог бар. Оқушы саны 2000-ға жуық мектепте 2-4 психолог жұмыс істейді. Маманның еңбек өтілі 5 жылдан асса, 130-150 мың теңгеге дейін айлық алады, — деді Венера Қоқанова.
Былтыр Алматыда 7 бала суицид жасаса, 26 жасөспірімнің суицидке әрекеттенгені анықталған.
Қаланың білім басқармасы, прокуратура және психикалық денсаулық сақтау орталығы балалардың суицид жасау себебін зерттеді. Балалар әуелі әлеуметтік жағдаймен санасады, одан кейін бұл мәселеде ата-ананың балаға нерқұрайлығы бар. Мысалы, көпбалалы ата-ана барлық балаға теңдей көңіл бөле алмауы мүмкін, — дейді Венера Қоқанова.
Білім басқармасы өкілінің айтуынша, қазір оқушыларда жоғары белсенділік диагнозы бар, яғни бала өзіне, өзінің кемшілігіне, өзгелерге ұқсамайтын мінезі-құлқы мен әдетіне қатты назар аударады. Бұл баланың өмірден түңілуіне себеп болуы мүмкін.