Қасым-Жомарт Тоқаев Джастин Трюдоны Қазақстанға шақырды

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар Қазақстан мен Канада арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Джастин Трюдоға ілтипат білдіріп, экономика, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы және технология салаларындағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту маңызды екенін айтты.

Біз Канадамен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Ынтымақтастығымыздың қазіргі деңгейін жоғары бағалаймыз. Елдеріміз арасындағы өзара ықпалдастықтың аясын одан әрі кеңейте түсеміз деп үміттенеміз, — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Канаданың Cameco уран компаниясының Қазақстандағы жұмысына оң баға беріп, Канада бизнесіне бар жағдайды жасай беруге дайын екенін айтты.

Джастин Трюдо кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдіріп, екі мемлекет арасындағы көпжылдық достық пен серіктестікке тоқталды.

Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықта ортақ нәрсе көп. Біз энергетика саласындағы бірнеше жоба бойынша ықпалдастық орнаттық. Кооперациямызды одан әрі нығайтуға ниеттіміз, — деді Канаданың Премьер-министрі.

Канада Үкіметінің басшысы Қазақстан Президентінің саясат пен экономика реформаларын жүзеге асырудағы күш-жігерін жоғары бағалап, азаматтық қоғам мен демократияны дамыту саласына қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джастин Трюдо бір-бірін қонаққа шақырды.