Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Әл-Фараби» атындағы кітапханасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен 1986 жылғы Желтоқсанның 30 жылдығына арналған форум-конференция өтті. Шараға оқу орнының басшылығы мен профессорлық-оқытушылар құрамы, 1986 жылғы Желтоқсанға қатысушылар және студент жастар қатысады. Кезегімен сөз алған форум қонақтары тарихи оқиға туралы сөз қозғады.
Өмірхан Әбдиманұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің деканы:
— Бүгін біз қазақ елінің тарихындағы айтулы сәттердің бірі Желтоқсан көтерілісін, сол кездегі жастардың ерлігін, сонымен келген Тәуелсіздікті ардақтауға жиналдық. Тәуелсіздік — халықтың күні, ұлттың ділі, тілі, елдің тойы, ұлттың тойы. Тәуелсіздігіміз баянды болсын!
Гүлбаһрам Жүніс, Республикалық «Желтоқсан 86»Тәуелсіздік қырандары» Халық қаһармандары қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
— Тәуелсіздігіміз қалай келді? Үш күндік желтоқсанның дүмпуімен келді ме? Жоқ, төңкерісті жасау үшін қазаққа үш сағат та жетеді. Жас кезімізде бізді үш жағымызда үш айдаһар жатыр деп қорқытатын. Ол: Ресей, Америка, Қытай еді. 1986 жылғы көтеріліс нағыз айдаһар халық – қазақ екенін көрсетті. КСРО «тыныш жатқан жыланның құйрығын» басамын деп, ұлт кеудесіндегі намыс отын оятып алды. Бала кезімізде «Союз нерушимый» деп ән айтқызатын. Қазақ жастары сол кеңестің ту-талақайын шығарып, таратып жіберді. Бізден кейін еркіндік алған одақтас 15 республиканың он бірі бүгінде: «Қазақ халқының жастарының арқасында біз де тәуелсіздік алдық»,-деп айтады.
Нұрлыбек Қуанбаев, «Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
— Қазіргі таңда жер бетінде 1800-ден астам ұлт болса, соның 200 ұлтында ғана мемлекет бар екен. Оның 195-і ғана БҰҰ-да мойындалады. Осы цифрлар біразымызды ойландыруы керек. 1500-нан астам ұлттың не мемекеті, діні, тілі, територриясы жоқ. Ал, қазақ ұлты 1986 жылы өзінің ешқандай ұлттың езгісінде емес, өз алдына азат болғысы келетінін айтып, мінезін көрсетті. Ол кезде мен осы КазҰУ-дың физика факультетінің студенті болатынмын. Үш күнге созылған көтеріліс субъективті түрде жеңіліке ұшырап, көптеген жастар қыршын қиылды. Қазақ тәуелсіздік алғанға дейін 300-ден астам көтеріліс жасаса, осы 86-ның бұрқасыны лайым, қанды көтерілістің соңғысы болсын! Бұдан кейін біздер тек тәуелсіздігімізді нығайту жолында ғана күресейік!
Форум барысында ҚазҰУ студенттерінің бірі баяндама оқыса, келесі біреулері жүректерін жарып шыққан маржан жырларын арнады. Бұл жиынға Желтоқсан көтерілісінде қыршыннан қиылған қарагөз қыздардың бірі Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанова да қатысты. Ең соңғы болып сөз алған ана ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, баяндама оқыған студентке Ләззат Асанова туралы кітапты сыйға тартты.
Форум аясында Алматы қаласының 1000 жылдық тарихына үңіліп, Тәуелсіздіктің алтын бесігі — Алматыны көркейту мақсатында ұйымдастырылып отырған іс-шара. Форум келесі жылы да өз жалғасын таппақ.
Желтоқсан көтерілісі сандармен
20 мыңнан астам адам көтеріліске қатысқан;
168-200 адам қыршын қиылған;
200-ден астамы жараланған;
1000-нын астам адам тұтқындалып, оның 99-ы сотталды;
264 студент оқудан шығарылды.