Ұялы оператор былтырғы қыркүйекте 5G желісінің пилот нұсқасын Шымкентте сынап көрді. Желіні қосу стандарты 3G мен 4G-ға ұқсас болғанымен компания өкілдері техника жағынан біраз мәселенің алдын алған. Пилот жоба үш кезең бойынша жүзеге асты.
Бірінші кезеңде операторлардың бір-бірімен байланысын, сигналдың таралу техникасын тексердік. Осылайша қандай көлемде инвестиция қажет екенін есептедік. Екінші қадам — демоаймақ жасау. Шымкентте үш демостанция ашып, тұрғындарға 5G желісін бірнеше күн қолданып көруге мүмкіндік бердік. Үшінші кезеңде өндірістерге 20 шақты абоненттік жинақ таратылды. Олар желі қалай жұмыс істейтінін бір айдан астам уақыт сынап көрді. Бәрі өзіміз ойлағандай өтті, — дейді ұялы оператордың техникалық директоры Олег Снимщиков.
Компания өкілінің айтуынша, Шымкенттегі пилот жоба Қазақстанда жалпы технологияға сұраныс төмен екенін көрсетті. Оның үстіне, қазір ұялы байланыс операторлары өз абоненттерін 4G желісімен-ақ қанағаттандырып отыр. Сонда 5G желісін Қазақстанның бірнеше өңірінде қосу үшін инвестиция бөлу өзекті болмауы мүмкін. Ұялы байланыс операторы мұндай проблеманы серіктестерімен бірігіп шешпек.
5G желісін басқа ұялы байланыс операторларымен бірігіп қосуды жоспарлап отырмыз. Биыл жұмыс басталады. Желіні бірігіп қосу оңай болады деп ойлаймын, — дейді ол.
5G желісін 4G сияқты толық қосу шамамен 5 жылға ұласуы мүмкін. Жобаның тез жүзеге асуы мемлекеттің жиілікке көңіл бөлуіне байланысты.
Мемлекет лицензия беріп, жиілікті жақсартса, 5G желісін басқа өңірлерде де қосуға кірісеміз. Егер бәрі жақсы болса, Қазақстан халқы 5G желісін 2022 жылға қарай қолдана бастайды, — дейді компания өкілі.
Бұл ұялы байланыс операторының 4G желісі қазір Қазақстан халқының 67,5%-ін қамтиды. Осы жылы компания бұл көрсеткішті 70%-тен асыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар оператор өз серіктестерімен бірге мемлекеттік бағдарлама аясында еліміздің барлық елді мекеніне 4G интернетін жеткізуді қолға алды.