Авторлар нұсқаулықты қырғыз-тәжік шекарасындағы жанжалдар туралы ақпарат тарату тәжірибесінің арқасында құрастырған, бірақ бұл ереже басқа елдегі шекара қақтығыстары туралы жазуға да жарайды. New Reporter медиаресурсында жарияланған материалды қазақшаға аударып отырмыз.

Зерттеуге қарағанда Қырғызстан мен Тәжікстандағы шекара оқиғалары туралы ақпараттың негізгі көзі БАҚ пен тұрғындардың айтқан ақпараты екені анықталды. Ал әлеуметтік желілер мен интернеттен ақпарат алу Тәжікстан азаматтары үшін үшінші орында (18%), Қырғызстан азаматтары үшін төртінші орында (19%) тұр. «Қырғыз-тәжік шекарасында журналистерді шоғырландыру» жобасы аясында БАҚ-ты зерттеп, мониторинг жасаған авторлар осындай шешімге  келген.

Адамдардың қарым-қатынасы субъектив түсіндіру мен сөзді бұрмалауға тәуелді болатынын ескергенде БАҚ-қа сапа жағынан ерекшелену керек, атап айтқанда ақпаратты кәсіби өңдеп, яғни дереккөзді, фактіні тексеріп, дәлдік, бейтараптық, жанжал тұтану қаупінің күштілігі сияқты өлшемдерді сақтап, ақпаратты дайындау мен таратудың сапа стандартын қадағалау керек, — деп жазады зерттеу авторлары.

№ 1 ереже

Ымыраға келуі үшін тараптар бір-бірінің қиын жағдайларын білуі керек. Журналистер екі жақтың да қиын жағдайларын зерттейді. Қарсы жақпен танысу, ол тараптың тұлғаларын анықтау мен аты-жөнін атау — маңызды қадам. Келіссөз жүргізу жөніндегі мамандардың екі тарапты бір бөлмеге орналастыратыны сондықтан. Адамдардың оқиғасын айта отырып, жанжал олардың өміріне қалай әсер ететінін сипаттай отырып, журналистер де солай істеуі керек.

№ 2 ереже

Екі тарап та бір-бірінің түпкі мүддесін түсінуі керек. Журналистер бұған «қиын» сұрақтар қою арқылы және қақтығысушы тараптар көшбасшысы айтқан сөздерді түсіне отырып жете алады. Адал журналистика көшбасшылардың мүддесіне назар аудармайды, жергілікті қауымдастық пен тұтас қоғам нені қажет етіп отырғанын зерттейді.

№ 3 ереже

Сенімнің аздығы — жанжалды өршітетін маңызды фактор. БАҚ қоғамдағы үрейді жою үшін «өзекті мәселелерді» зерттеп, күдікті азайта алады. Ол үшін журналист (басқа жерлерде болған жанжал негізінде қақтығысты шешу жолдарын көрсетуі мүмкін) мамандарды, эксперттерді, саясаткерлерді сөйлете алады немесе қақтығысты шешудегі жергілікті әрекет туралы хабар таратуына болады.

№ 4 ереже

БАҚ жанжал тұтану қаупінің күштілігі принципін қатал ұстана отырып, екі тарап мүддесі мен позициясын айтуы үшін оларға алаң ұсына алады. Дау-дамай көшедегі зорлық-зомбылық жанжалы түрінде емес, желі парақшаларында және масс-медиа эфирінде болғаны дұрыс.

№ 5 ереже

Редакторлар мен репортерлар аудитория назарын белгілі бір мәселеге аудару үшін үнемі ақпаратты ұсынудың басқа бұрышын, балама, тың көзқарасты іздейді. Журналист жанжалдасушы тараптарға жанжалдың мәніне жаңаша қарауға көмектесе алады — шиеленісті шешуге немесе азайтуға ықпал ететін сындарлы көзқарасты ұсына алады.

№ 6 ереже

Екі тарап та жанжалды шешкісі келсе, жақтастарын сабыр сақтауға шақырып, олардың қорқыныш деңгейін төмендетуі керек. БАҚ екі тараптың мұндай әрекетін хабарлау арқылы жанжалда көшбасшылардың беделін сақтап қалуға және екі жақтың пәтуаға келуіне көмектеседі.

Журналистерге кеңес
Иллюстрация: Dribbble.com/©Anton Fritsler (kit8)

№ 7 ереже

Жанжалда екі тарап та айтылған талап-тілекке жауап беру жөнінде нақты ұсыныс әзірлейді. Тараптардың әрқайсысы үнемі өкпе-реніш білдіріп, эмоция көрсетудің орнына жанжалды шешу жолдары туралы сұрақ қоя алады. Жақсы журналистика — шешім іздеуге тұрақты ықпал ету.

№ 8 ереже

Қақтығысушы топтар теңсіздікке қарамастан екінші тараптың талап-тілегін қабылдаған жағдайда бұл тараптың да қажеттігі орындалатынына сенімді болуы керек. Журналист ақпаратты ешкімді алаламай, теңгеріммен ұсынса, келіссөзді жеңілдетеді. Журналист шағымдарды тыңдап, шешім қабылдай отырып, барлық тарапты назарға алады, баланс сақтайды.

№ 9 ереже

Екі жақтың аудиториясы бір-бірін жақсы білуі үшін БАҚ-тан көршілерінің өмірі мен тіршілігі, қарапайым тұрғындар туралы ақпарат күтеді. Олар көрші елдің ауыл шаруашылығы, жергілікті басқарушы органдарының жұмысы, қызық іспен айналысатын адамдар, отбасылар, мамандар мен салт-дәсүрлері туралы білгісі келеді.

№ 10 ереже

Бізге шекарадан өту тәртібі, тарифтер, әртүрлі себеппен шекараны ашу және жабу, делимитация және демаркация процестері туралы ақпараттық материалдар қажет. Мұндай хабарды жедел, шын әрі үздіксіз тарату керек.

№ 11 ереже

Шекаралас аймақтардағы жастардың өмірі, табысты және белсенді жастар туралы, проблемалар, олардың тіршілігі мен өмір салты туралы, шекаралардағы тату көршілер мысалы туралы фильмдер, сараптама бағдарламалар қажет. Оған қоса, жастарға бейбітшілік пен тату көршілестіктің маңызын түсіндіретін, олардың шекара проблемалары мен оны шешудің сындарлы жолдары туралы түсінігін арттыратын, ойын кеңейтетін, мәдени құндылықтарын қалыптастыратын материалдар керек.

№ 12 ереже

Эмоцияны азайтып, бейтараптыққа басымдық береміз. Оқиға орнынан тікелей эфир беріп, не болып жатқанын жедел көрсету қажет. Ірі БАҚ-тардың шұғыл жағдайда оқиға орнынан хабар тарататын арнаулы тілшісі болуы керек. БАҚ шекара проблемалары мен сол аймақта тұратын халықтың өмірі туралы сараптама материал дайындау үшін ауылдарға кәсіби тілшілерді жиі жібергені дұрыс.

Респонденттер журналистер шындықты саналы түрде бұрмалап, қоғамдық пікірге айла-шарғы жасап, жанжалды насихаттаған жағдайда БАҚ-тан ол тілшіге редакция болып қарсы шығып, оған сөгіс беруді күтетінін айтты.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!