Бүгінгі таңда республика бойынша барлық 807 колледжде 498 мың адам білім алып жытр. Олардың 97 мыңы жұмысшы мамандықтарында оқиды. Бұл — барлық студенттердің тек 20 пайызы ғана. Олар тегін білім алып жатыр. Қалған 80 пайызы орта буын мамандықтарын игеріп жүр. Алдағы уақытта жұмысшы мамандықтарға басымдық беру көзделіп отыр. Оған түскен жастар орта буын мамандықтарын да тегін тәмамдай алады. Сөйтіп, екі бірдей мамандықты алып шығуға мүмкіндік бар.
«Гранттар алдымен жұмысшы мамандықтарына бөлінеді. Қалғаны басқа мамандықтар арасында таратылады. Мәселен, болашақта жаңа жүйемен 160 мың адам қамтылса, 40 мың адам жұмысшы мамандықтарына қабылданады. Осы механизмге сәйкес, техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылығы мамандықтарының барлығы тегін болады. Мәселен, бұрын аспаз болғысы келетін бала алдымен осы мамандықты аяқтап, содан кейін технолог болатын. Ендігі кезекте, технолог болу үшін ол екі бірдей мамандықты алады. Алдымен төменгі сатыдан бастайды да, орта буын мамандықпен бірге бітіріп шығады», — деді Сұханбердиева бүгін депутаттарға жаңа жобаны таныстыру рәсімі кезінде.
Оның айтуынша, министрліктің негізгі мақсаты — жұмысшы мамандықтары бойынша маман даярлауды екі есеге арттыру. «Ол үшін ыстық тамақ, шәкіртақы, жол жүру ақысы, жатақхана түрінде әлеуметтік қолдауды қарастыру қажет. Біз жұмысшы мамандықтар білім алатын 90 мыңдай студентті ыстық тамақпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде осы мәселе Үкіметте қаралып жатыр. Қазіргі уақытта мемлекеттік тапсырыс бойынша үздік оқитын студенттер стипендия алатын болса, жаңа жобаға сәйкес, барлық жұмысшы мамандықтар бойынша оқитындар стипендиямен қамтамасыз етіледі», — дейді вице-министр. Аталған шаралармен жұмыссыз жүрген жастар, сондай-ақ оқудан шығып кеткендер де қамтылады.