Басты бетЖаңалықтарҚордайдағы тәртіпсіздік:...

Қордайдағы тәртіпсіздік: зардап шеккендер қайда емделіп жатыр?

Қазір оқиға орнында Үкімет комиссиясы мен шұғыл медициналық көмек бригадалары жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмысқа 100-ден астам медицина қызметкері, 34 санитария көлігі мен 2 тікұшақ тартылды.

10 ақпандағы мәлімет бойынша жаппай жанжал салдарынан 178 адам зардап шекті, 10 адам қаза тапты (сегізі оқиға орнында, ауыр жарақат алған екі адам ауруханада). Медициналық көмекке 170 адам жүгінді. Өтініш білдіргендердің 117-сіне амбулатория көмегі (102-сіне Қазақстанда, 15-іне Қырғыз Республикасында), 53 адамға стационар көмегі (43-іне Қазақстанда, 10-ына Қырғыз Республикасында) берілді, — деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

10 ақпанда сағат 12.00-дегі жағдай бойынша 41 науқас ауруханада: Алматы стационарларында 25, Жамбыл облысында 14, Қырғыз Республикасының стационарларында екі адам жатыр. 41 пациенттің тоғызы реанимацияда, қалғаны бейінді бөлімшелерде. 17 науқасқа операция жасалған.

Қордайдағы аудандық орталық ауруханадан бір пациент және Қырғызстаннан екі пациент Алматыға әкелінеді. Зардап шеккендердің бәріне медицина көмегі тегін беріледі.