Оқушылар қазақ әдебиеті шығармаларын комикске айналдырды

Байқауға жалпы 427 оқушы қатысты. Олар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен «Жас қаламгер», «Бейнелеуіштер», «Білгірлер бәйгесі», «Сөз шеберлері», «Әнші-бұлбұлдар» сияқты бес бағытта сайысты. Биылғы байқаудың ерекшелігі — бейнелеу өнері бағыты қосылып, жас суретшілер қазақ әдебиетіндегі шығармалар бойынша комикс жасаған.

«Бейнелеуіштер» конкурсының жеңімпазы, NURORDA мектеп-лицейдің 10-класс оқушысы Мерей Жұмажанова қазақ әдебиетіндегі әңгімені сурет арқылы жеткізу оңай болмағанын айтты.

Бейнелеу шеберлігіме сенімді болсам да, бас жүлде иегері атанамын деп күтпедім. Бізге қазақ әдебиетіндегі шығармаларды комикс жанрында сурет салу тапсырмасы берілді. Бұл жерде әңгімені тереңінен түсініп қана қоймай, оқиғаны суретпен анық жеткізе білуің керек. Олимпиадаға қатысқан әр оқушының шығармаларды өзінше түсініп, ерекшелелей білгені ұнады, — дейді Мерей Жұмажанова.

Конкурста оқушылар ән айтып, мәнерлеп оқып, шығарма жазып та сайысқа түсті.

жарқын болашақ
Фото: NURORDA мектебі

Байқаудың мақсаты — мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қазақ халқының рухани қазынасын кеңінен насихаттау, сонымен бірге оқушылардың қабілеті мен мәдени дүниетанымын дамыту.

«Жарқын болашақ» жарысының республикалық кезеңі сәуірде өтеді. Оған еліміздің 14 облысынан және Алматы мен Нұр-Сұлтаннан оқушылар қатысады. Республикалық олимпидададан жүлдегер атанған оқушыларға Сулейман Демирел университетінің және басқа да жоғары оқу орындарының гранты табысталады.