Президент әлеуметтік кәсіпкерлердің бірінші форумын өткізуді қолдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлік өкілдерімен кездесті. Ақорда сайтының хабарлауынша, Green TAL шеберханасының басшысы, Best for kids қоғамдық қорының вице-президенті Эмин Әскеров, «Дастархан» серіктестігінің директоры Елена Мащинская, «Қамқор отау» әлеуметтік жобасының директоры, «Тренинг-Кафе» жобасының үйлестірушісі Бақытжан Құдияровтар Мемлекет басшысына бизнестің осы түрін дамыту туралы айтты.

Әлеуметтік кәсіпкерлер саладағы проблемалардың бірі ретінде ғимараттар мен өнім сату орындарының тапшылығын атады.

Жиынға қатысушылар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды жоғары бағалап, Қазақстан Президентіне биыл күзде әлеуметтік кәсіпкерлердің бірінші республикалық форумын өткізу жөніндегі жоспары туралы баяндады, — деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің қоғамға пайдалы жобаларды жүзеге асырып жатқанына алғыс айтып, форум өткізу идеясын қолдады. Оның айтуынша, мемлекет бүкіл республика аумағындағы әлеуметтік бизнеске жан-жақты қолдау көрсете береді.