Қақтығыс аймақтарында Қазақстанның қанша азаматы қалды?

Гуманитар операция барысында Қазақстанның барлығы 595 азаматы елге қайтарылған, оның 406-сы — бала.

«Жусан» операциясының барлық кезеңін аяқтадық. Ирактан 14 баланы алып шыққанымызды білесіздер. Басқа жоспарымыз жоқ, себебі қақтығыс аймақтарындағы азаматтарымызды іздеп жатырмыз, бірақ олар туралы толық ақпарат жоқ. Алдын ала әрі дайындық пен кеңес беру жұмысы жүріп жатыр, — деді Нұрғали Білісбеков.

Оның мәліметінше, қақтығыс аймақтарында Қазақстанның әлі шамамен 100-ден астам азаматы бар.

Сирияда қазір 36 ер адам, 80-ге жуық әйел бар, балалар бойынша айта алмаймын. Қазақстан азаматтары негізінен Сирияда, Иракта және Ауғанстанда, — деді ҰҚК төрағасының орынбасары.

2019 жылдың 11 желтоқсанында Сириядан оралғандардың 14-іне қатысты сот үкімі шықты. Оларға 8-ден 14 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілді.

Сенат отырысында Нұрғали Білісбеков Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері аумағында экстремизмі үшін іздеу жарияланған Қазақстан азаматтары туралы да айтты. Кейінгі 5 жылда 30 адам іздестіріліп, ұсталған, олар елде қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 30 адамның 27-сі Қырғызстанда ұсталған. Осы уақыт ішінде ҚР ҰҚК Қазақстан аумағынан ШЫҰ елдерінің 200-ден азаматын ұстап, сол елдердегі әріптестеріне берген.

Қазіргі кезде ШЫҰ аумағында терроризм мен экстремизмге қатысы бар адамдардың бірыңғай тізімі жасалып жатыр. Мұндай адамдардың саны 8 мыңға жуықтайды.

Оның 700-і — Қазақстан азаматы. Бұлар — негізінен қақтығыс аймақтарына, әсіресе Таяу Шығысқа барғандар. Көп бөлігінің көзі жойылды, бірақ біз есептен алып тастаған жоқпыз, себебі кейбірі туралы «жойылды» деген мәлімет болғанымен олар басқа атпен террористік қызметін жалғастырып жүруі мүмкін. Жойылғанына анық көз жеткізбейінше есептен шығармаймыз, — деді Нұрғали Білісбеков.