Вице-министрдің айтуынша, «Менің кәсібім» жобасы үшін мемлекет 40 мыңға жуық қайтарымсыз грант бөлген. Оның 12 мың гранты көпбалалы және табысы аз отбасыларға, 1500 грант мүгедектігі бар еңбекке қабілетті азаматтарға арналады.
«Менің кәсібім» атты жобаны Қазақстанның оңтүстігіндегі бес өңірден бастадық. Үйде отырған аналарды аралап, 200-ден астам отбасыға қажет құрал-жабдық алып бердік. Сонымен бірге оларға кәсібін жүргізуге байланысты 1-2 күндік курс өткіздік. Олардың шығарған тауарларына арнайы жәрмеңке ұйымдастырып, дүңгіршектерден орын алып беріп, табыс табуына мүмкіндік жасап отырмыз. Осындай көмектің арқасында былтыр 136 мың отбасы кедейлік шегінен шықты. 150 мың отбасы шаруашылығын дамытса, оның 8500-і алғашқы кәсібін ашты, — деді вице-министр.
Көпбалалы және табысы аз отбасы мүшелерін кәсіпкерлікке тарту үшін оларға микрокредит түрінде жеңілдік беріледі. Несиенің ең жоғары сомасы 8 миллион теңгеден 20 миллион теңгеге дейін артып, мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды. Ал кәсібінің бухгалтерия мен маркетинг жағына бір жыл бойы кәсіпкерлердің «Атамекен» ұлттық палатасы көмектеседі.
Кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі Олжас Ордабаев көпбалалы отбасы өкілдері мен табысы аз азаматтар еңбек нарығына аса қажет мамандықтар бойынша жұмысқа орналаса алатынын айтты.
Еңбек нарығындағы тапшы мамандарды жоғары білікті және төменгі білікті деп бөліп қарастырайық. Бүгінде төменгі білікті мамандардан тігіншілер, дәнекерлеушілер, тракторшылар тапшы. Ал жоғары біліктілерден дәрігерлер, ұстаздар жетіспейді, әсіресе солтүстік өңірде, — деді Олжас Ордабаев.
Брифингіде Ержан Жылқыбаев мемлекет Жаңаөзенде жұмыссыздық мәселесін шешуді қолға алғанын айтты. Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев басқаратын жұмыс тобы құрылған. Оған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Атамекен» палатасы және Маңғыстау әкімдігінің өкілдері кіреді.
Жаңаөзенде 2042 адам жұмыссыз болып тіркелді. Оның ішінде 221 адам — көпбалалы отбасылардың өкілі, 59-ы — мүгедектігі бар азамат, 43-і толық емес отбасылардан. Бүгінде атаулы әлеуметтік көмектің арқасында 157 мың адам жалақысы 100 мың теңгеден жоғары жұмысқа орналасса, 165 мың адам грант алып, кәсібін ашты. Келешекте де жастардың біліктігіне қарай 32 кәсіпкерді таңдап, жалақысы 120-320 мың теңге аралығындағы 1500 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, — деді вице-министр.