Қазақстандық кәсіпкерлерге етті Қытайға экспорттауға рұқсат етілді

21 қазанда ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева Қытайға ресми сапармен барды. Сапар барысында вице-министр мен ҚХР Сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас төрағасының орынбасары Мей Кебаомен келіссөз жүргізді.

«Қос тарап маңызды келісімге қол жеткізді. Қазақстанның 9 облысында аусыл ауруына қарсы егу жұмыстары жүргізілмейді. Бұл – Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары. Бұлар қолайлы аумақ ретінде танылды. Осы облыстардан ет және ет өнімдерін шығаруға қойылған шектеу алынып тасталды», — дейді ҚР АШМ Ветеринарлық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Олжас Аусабаев.

Сонымен қатар, Олжас Аусабаев аталған өңірлерде қытайлық мамандар арнайы тексеріс жүргізетінін атап өтті. Оның пікірінше, екі ел арасындағы келісім елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді.

«Бұл келешекте осы аймақтарда орналасқан ет және ет өнімдерін өндіретін кәсіпорындардың Қытай аумағына экспорттауға құқығы бар кәсіпорындар тізіміне енуіне мүмкіндік береді. Бұл отандық шаруалар үшін үлкен мүмкіндік. Қазіргі таңда осы өңірлерде орналасқан кәсіпорындардың өндіріс процестерінде тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін тексеру мақсатында Қытай сарапшылары келеді. Осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізіледі», — деп түйіндеді сөзін О.Аусабаев.

Айта кетейік, 2013 жылдан бері Қазақстанның барлық өңірінен Қытайға ет пен ет өнімдерін тасымалдауға тыйым салынған болатын. Бұл ШҚО-да аусыл ауруының таралуына байланысты қолға алынған шара еді.

ДереккөзBaq.kz