Басты бет Жаңалықтар Ақпанда ауа райы қандай болады? Синоптиктер болжам жасады

Ақпанда ауа райы қандай болады? Синоптиктер болжам жасады

"Қазгидромет" мамандары ақпанда ауа райы қандай болатынын хабарлады. Айдың басында Атлантика циклоны мен оның таралымдары әуелі батыста, кейін басқа аумақтарда жауын-шашынға, тұман мен көктайғаққа себеп болады. 

Фото: Splendid-magazine.md

Синоптиктердің мәліметінше, 6-8 ақпан аралығында солтүстік және шығыс өңірлерде толассыз қар жауып, боран соғады, жел екпіні секундына 15-25 метрге дейін күшеюі мүмкін. Сонымен бірге Иран аудандарынан келетін жылы ауа массасы температура фонының жоғарылауына себеп болады.

Батыста, солтүстік-батыста түнде 3-8 градус аяздан 0-5 градус аязға дейін, кей жерде 3 градус жылыға дейін, күндіз 0-5 градус аяздан 7 градус жылыға дейін көтеріледі.

Солтүстікте, орталықта және шығыста температура түнде 20-28 градус аяздан 0-10 градус аязға дейін, күндіз 8-15 градус аяздан 3 градус аяз бен 2 градус жылы аралығына дейін, кей жерде 6 градус аязға дейін көтеріледі.

Оңтүстік, оңтүстік-шығыста сынап бағанасы түнде 0-8 градус, кей жерде 13 градус аяздан 3 градус аяз бен 2 градус жылы аралығына дейін, күндіз 2-7 градус жылыдан 5-12 градус жылыға дейін жоғарылайды.

Бірінші онкүндіктің соңында республика бойынша ауа температурасы солтүстікте түнде 10-20 градус аязға дейін, күндіз 5-13 градус аязға дейін, оңтүстікте түнде 3-13 градус аязға дейін, күндіз 0-7 аязға дейін төмендейді.

Ұзақмерзімді болжам бойынша айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде циклондар мен антициклондар жиі ауысып, аязды ашық күндер жылы әрі жауын-шашынды күндермен кезек-кезек алмасады.

Осылайша Қазақстанның көп бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы нормадан 1 градус жоғары, тек батыста климат нормасы шамасында болады. Жауын-шашын республиканың солтүстік-батыс бөлігінде және оңтүстік, оңтүстік-шығыс пен шығыстың таулы аудандарында нормадан көп, ал қалған аймақтарда норма шамасында түседі, — деп хабарлады «Қазгидромет» РМК ауа райының ұзақмерзімді болжамы басқармасының жетекші инженері Меруерт Сақымова.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version