Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыс барысында ЕАЭО-ны одан әрі дамыту жөніңдегі өзекті мәселелер, оның ішінде кедендік және техникалық реттеу, сауда, дәрі-дәрмектің ортақ нарығын дамыту және одаққа мүше елдердің ақпарат технологиялары саласындағы ынтымақтастығы мәселелері қаралды.
Отырысқа қатысушылар Еуразия интеграциясын дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын айқындайтын құжаттың дайындық барысын талқылады.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселе — ЕАЭО ішкі нарығындағы кедергілерді жою жұмысы. Қазақстан тарапы бұл бағыттағы жұмысты түбегейлі өзгерту қажет екенін айтып отыр.
Тараптар өзара мемлекеттік сатып алуларға қатысу кезінде банк кепілдемелерін мойындау мәселесін де талқылады. Қазір Қазақстан ЕАЭО елдерінің банк кепілдемелерін қабылдайды, ал Ресейде мемлекеттік сатып алуларға қатысу үшін тек Ресей банктерінің кепілдемелері қабылданады.
Қазақстан Еуразия экономикалық комиссиясының Еуразия даму банкі беретін банк кепілдемелерін бірінші сатыдан-ақ тану мүмкіндігін қарастыру жөніңдегі ұсынысын қолдайды, — деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары — Қаржы министрі Әлихан Смайылов.
Ол Қазақстан тарапы ЕАЭО елдерін банк кепілдемелерін өзара тану туралы келісімді дайындау жұмысын жалғастыруға үндейтінін айтты.