Ермек Көшербаев Қазақстанның Ресейдегі елшісі болды

Президент жарлығымен Ермек Көшербаев Қазақстанның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды. Ол Мемлекет басшысының өкімімен ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметінен босатылды.

Ермек Көшербаев 1965 жылы 2 мамырда Алматыда туған. Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетін тарихшы, КСРО Сыртқы істер министрлігінің Дипломатия академиясын халықаралық қатынастар және сыртқы саясат мамандығы бойынша бітірген. Сыртқы істер министрлігінде 1988 жылдан бері жұмыс істейді. Президент Әкімшілігінде, мұнай компанияларында және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде де қызмет етті.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін Иманғали Тасмағамбетов атқарған еді. Ол 2019 жылдың желтоқсанында зейнет жасына жетуіне байланысты қызметінен босатылды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен сонымен бірге Қазақстанның Малайзиядағы төтенше және өкілетті елшісі Болат Иманбаев Қазақстанның Бруней-Даруссаламдағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы қызметіне, Қазақстанның Швейцария Конфедерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Әлібек Бақаев Қазақстанның Лихтенштейн Князьдігіндегі, Ватикан Мемлекетіндегі, Қасиетті Иерусалим Иоанны, Родос және Мальта егеменді әскери госпитальерлері ордені жанындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы қызметіне тағайындалды.