Баланы қалай жақсы көру керек?
Педагогтың айтуынша, бала шексіз жақсы көру мен шартсыз қабылдау арқылы тәрбиеленеді.
Егер ата-ана осы екі әдісті қолдана алса, оның ойындағы тәрбие функциясы орындалды. Бала үшін оның қандай үйірмеге барғаны немесе қанша тіл білгені маңызды емес. Оған шексіз махаббат қажет, — дейді маман.
Ескендір Бестайдың айтуынша, дегенмен шексіз жақсы көруді баланың айтқанын алып беріп, бетін қақпай өсіру деп түсінбеу керек. Барлық нәрсенің шекарасы болған дұрыс.
Жақсы көрген адамыңыздан зиян шегу жақсы көру емес. Ол — құрбандық, — дейді педагог.
Маман ата-ананың бала тәрбиесінде жиі жіберетін қатесі туралы айтты. Оның айтуынша, тәрбие түсіндіру емес, баланы түсіндіру арқылы тәрбиелеу мүмкін емес.
«Балам үшін барлығын жасаймын. Өзім кимесем де, балам кисін» деп, күні-түні сол үшін жұмыс істейтін ата-ана бар. Мұны баланы жақсы көру деп айта алмаймыз. Ол да — құрбандық, — дейді тренер.
Педагогтың айтуынша, «баланы тәрбиелеу үшін әуелі өзімді тәрбиелеуім керек, мен қандай болсам, балам да сондай болады» деген түсінік те қате.
Жақсы көру & жек көру
Бұл екі сезім бір-біріне антоним емес. Олар — махабаттың дұрыс және бұрыс көрінісі. Кей адам жақсы көру сезімін жек көру арқылы көрсетеді, яғни бастапқы нүктесі — махаббат, әрекеті — жек көру, — дейді Ескендір Бестай.
Оның айтуынша, ата-ана кейде балаға жақсы көру сезімін жеткізе алмағаннан басқаша әрекет істеуі мүмкін. Мұндай жағдай болмауы үшін ата-ана баласына кем дегенде күніне «мен сені жақсы көремін» деп жеті рет айтуы қажет. Бұл сөздің құдіреті күшті. Оны жиі айту арқылы ата-ана балаға деген қамқорлығын, өздеріне оның қаншалықты қымбат екенін білдіреді.
Мысалы, баланы ұйқыдан «мен сені жақсы көремін» деп оятыңыз. Балабақшаға немесе мектепке шығарып салғанда да, күтіп алғанда да «мен сені жақсы көремін» деп айтыңыз. Оны осы сөзбен ұйықтатыңыз. Сонда бала сіздің оны шын жақсы көретініңізге сенеді, — дейді Ескендір Бестай.
«Мен саған сенемін»
Бұл сөз баланың жастайынан жауапкершілікті сезінуіне, жетістікке жетуіне жағдай жасайды, бірақ сенім арта отырып, бала «сүрініп» жатса, оған қолдау көрсете білген жөн. Өйткені ол «маған үлкен сенім артып отыр» немесе «ата-анамның үмітін ақтай алмадым» деген ойдан күйзеліске түсіп кетуі ғажап емес.
Ал бізде қалай? Ата-ана мұндай сөзді айтпайды. Күйбең тірлікпен жүріп, оған мән бермейді. Ұрсып, ұрып тәрбиелеуді дұрыс деп ойлайды. «Біз ұрғаннан жаман болдық па? Адам болдық» деген ой қалыптасып қалған, — дейді педагог.
Педагогтың айтуынша, құшақтау қаржылай көмектен де, әдемі сөзден де артық. Баланы күніне кем дегенде 5 минут құшақтау керек. Жиі құшақтаған сайын баланың миындағы реакция күшті болады. Баланың жетілуі де жылдамдайды.
Ата-ана баланы неге ұрады?
Маманның айтуынша, баланы ұрып, жазалау — қазақ қоғамына тән «тәрбие амалы». Баланы ұру әдеті олардың жауап қайтара алмауынан туған. Мұны Ескендір Бестай ата-ананың баласын тәрбиелей алмауының салдары дейді.
«Мен жақсы ана боламын. Баламды ұрмаймын» деп өзіне шектеу қойған сайын ата-ана баласын жазалауға бейім болады. Керісінше, баланы қажет кезде жазалауға болатынын түйсінген ата-ана қатігездікке бармайды. Баласын ұратын ата-ана бақытсыз, — дейді педагог.
Оның айтуынша, ата-ана баласының мінезін қалыптастыруды, эмоциясын басқаруды үйренуді мақсат етпегені жөн. Ата-ана «Бала бостандығына қайткенде қол сұқпаймын?» деген сұраққа дұрыс жауап бере алуы қажет.
Балаға меншік ретінде емес, тұлға ретінде қараған жөн. Бала бақыты басымдыққа ие болғанда ғана болашағымыз бар, — дейді маман.
Маманның айтуынша, тәрбие — үздіксіз жүретін процесс. Балаға ата-ананың білімі мен дипломы маңызды емес. Балаға керегі — махаббат. Бұл жағынан ата-ана өзіне сенімді болуы керек. Баламның тәрбиесі деп уайымға салынудың да қажеті жоқ. Уайым бар жерде сенім аз.