Басты бет Жаңалықтар Елнұр Бейсенбаев Jas Otan басшысы болып сайланды

Елнұр Бейсенбаев Jas Otan басшысы болып сайланды

Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімімен саяси ұйымның Jas Otan жастар қанатының төрағасы қызметіне Елнұр Бейсенбаев сайланды. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады. 

Дәулет Кәрібек (сол жақта), Елнұр Бейсенбаев (оң жақта). Фото: Nurotan.kz

Елнұр Бейсенбаевтың жастар саясатында тәжірибесі мол. Студент кезінде жастар ұйымдарының белсенді мүшесі болған. Ол мемлекеттік қызметте және үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істеді. Jas Otan төрағасы болғанға дейін Елнұр Бейсенбаев Нұр-Сұлтан әкімінің кеңесшісі қызметін атқарды.

Партияның жастар қанаты төрағасы қызметін атқарған Дәулет Кәрібек Президенттің жастар кадр резерві тізіміне еніп, енді мемлекеттік қызметке ауысады.

Жастар қанаты орталық кеңесі мүшелерінің қатысуымен өткен жиында партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Jas Otan-ның алдында жаңа мақсат-міндеттер тұрғанын алға тартты.

Еліміздің жарқын болашағы үшін жасотандықтар үздіксіз қызмет етуге тиіс. Елбасы, партиямыздың төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев маслихаттың барлық деңгейінде жас депутаттар санын 20%-ке дейін көбейту қажет екенін айтты. Бұл ретте Jas Otan жастар қанатының ролі ерекше. Аталған тізімде жасотандықтар алғашқылардың бірі болып тұруы қажет. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен 2020 жыл Волонтер жылы болып жарияланды. Осы орайда Jas Otan еліміздегі ең ірі жастар ұйымы ретінде волонтерлық қозғалысты өрлетуде алдыңғы қатарда тұруға тиіс, — деді Бауыржан Байбек.

Ол әзірленіп жатқан 2020-2025 жылдарға арналған «Жастар Отанға!» бағдарламасында білім алу, жұмысқа орналасу, баспана сияқты жастар үшін өзекті мәселелер қамтылатынын айтты. Бауыржан Байбектің пікірінше, Қазақстан жастарына арналған бағдарламаның жобасын әзірлеуге әрбір ауылдың, ауданның, қаланың жастары атсалысуы қажет.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version