Президент кісі қолынан қаза тапқан полицейді орденмен наградтады

Тиісті жарлық Ақорда сайтында жарияланды.

Қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ішкі істер министрлігі Қостанай облысы полиция департаменті Қостанай ауданы полиция бөлімінің полицейі Дархан Серікұлы Базарбаев ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталсын (марқұм), — делінген Президент жарлығында.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Ақпарат құралдарының мәліметінше, Тобылда патруль полицейі отбасында жанжал шығарған адамның қолынан қаза тапты. Дархан Базарбаев әріптесі Амангелді Сыздықовпен бірге полиция шақыртқан үйге келген кезде 28 жастағы мас тұрғын оған пышақ салған. Полицей оқиға орнында қайтыс болды. Оған пышақ салған тұрғын бұрын сотталған болып шықты. Тобыл тұрғыны өзімен бірге тұратын әпкесі мен оның баласының өміріне қауіп төндіріп, «өлтіремін» деп қорқытқан. Күдіктінің үстінен «Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде жасалған кiсi өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 1995 жылы туған Дархан Базарбаевтың артында әйелі мен 4 айлық сәбиі қалды.