Қайрат Оразбаев Атырау әкімі болып тағайындалды

Атырауға жаңа әкім болып Қайрат Оразбаев тағайындалды. «ҚазТАГ» тілшісінің хабарлауынша, жаңа әкімді қала активіне облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов таныстырды.

Президент Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Атырау облысы әкімінің өкімімен 17 қаңтарда Қайрат Оразбаев Атырау әкімі болып тағайындалды. Осы уақытқа дейін ол Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары лауазымында болды, — деді Атырау облысының әкімі.

«ҚазАқпарат» тілшісінің хабарлауынша, Қайрат Оразбаев 1963 жылы 8 тамызда Атырау облысында дүниеге келген. 1987 жылы Қазан химия-технология институтын мұнай өңдеудің химиялық технологиясы мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын 1979 жылы Маңғыстау мұнай-газ барлау кешенді экспедициясында оператор болып бастады. «Лукойл», «Қазақойл», «ҚазМұнайГаз» компанияларында, Атырау мұнай өңдеу зауытында жұмыс істеген.

Еске салайық, бұған дейін Атырау әкімі болған Әлимұхаммед Құттұмұратұлы жуырда өз еркімен қызметінен кеткен еді.