Президенттің жастар кадр резервінің екі өкілі әкім болды

Алматы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бақытжан Сағынтаевтың өкімімен Алатау ауданына Азамат Қалдыбеков, Түрксіб ауданына Бақытжан Ақжаров әкім болды.

Аудандардың жаңа басшыларын таныстырған Алматы әкімі бұл екеуінің Президенттің жастар кадр резерві өкілдері екенін айтты.

Мемлекет басшысының дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік лифт құру жөніндегі идеясы іске асып жатыр. Алматыдан резерв қатарына 39 адам енді. Бүгінгі кандидаттар — аудан әкімдері болып қызмет атқаруға барынша дайындықтан өткендер. Біз олардан аталған аудандарда тұратын алматылықтардың өмір сүру сапасын жақсартуда нәтижелі жұмыс күтеміз, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Алатау ауданының жаңа әкімі Азамат Қалдыбеков бұған дейін Алматы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары болған.

Бақытжан Ақжаров
Бақытжан Ақжаров. Фото: Zonakz.net

Түрксіб ауданына әкім болып тағайындалған Бақытжан Ақжаров Алматының тұрғын үй саясатының басшысы қызметін атқарды.

Алатау және Түрксіб аудандарының бұрынғы әкімдері Шахмерден Рыспаев пен Павел Кулагин өз еркімен қызметтен босатылған.