Қайрат Нұртас концертінен түскен қаржының 8 млн. теңгесін қайырымдылық қорларына аударады

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Қазақстан» ұлттық телеарнасының басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова айтты.

Қайрат Нұртас

«Тұңғыш рет елімізде жас әнші өзінің шығармашылық еңбегінің 10 жылдық мерейтойына орай 3Д графикамен үлкен концерт өткізейін деп отыр. Бұл концерттен түскен қаржы қайырымдылық қорына аударылады», — деді ол.

Оның атап өтуінше, «Қазақстан» телеарнасы әрдайым еліміздегі жас өнерпаздарды,  қазақ өнерін паш етіп жүрген азаматтарымызды үнемі қолдап отырады.

«Сондықтан біз өзіміздің осы дәстүрімізден танбай жас өнерпаздың өнерін қолдағымыз келді. Өздеріңіз де білесіздер, Қайрат Нұртас біздің еліміздегі айрықша құбылыс десек болады», — деді Н.Мұхамеджанова.

Айта кетерлігі, Астана мен Алматы қалаларында өтетін концерттен түскен қаражаттың 8 млн. теңгесі қайырымдылық шараларымен белсенді  айналысып жүрген қорларға аударылады. Нақты айтқанда, Астана қаласынан түскен қаржының 2 млн. теңгесі «Сан адам» қорына 1,5 млн. теңгесі «Үнсіз әлем» қорына, 1,5 млн. теңгесі «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігіне, ал Алматыдан түскен қаржының 1,5 млн. теңгесі «Айналайын» балалар-жасөспірімдер орталығы» жастар клубы қоғамдық бірлестігіне, 1,5 млн. теңгесі Талдықорған қаласының  «Қарлығаш» мүгедек әйелдер қоғамдық бірлестігіне аударылады.

Дереккөзwww.inform.kz