Ақтөбе облысы аумағына Ресей зымыранының сынығы құлады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2020 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан мен Ресей арасындағы 1995 жылғы мемлекетаралық келісім бойынша ҚР аумағындағы полигонды жалға алған РФ Қорғаныс министрлігі сынақ орталығының жоспарлы оқу-жаттығуы уақытында бір зымыранның сынығы белгіленген орыннан тыс жерге түсті. Жарылыс болған жоқ, — деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Зымыран сынығы Ақтөбе облысының Байғанин ауданы аумағына құлаған. Зардап шеккен адамдар мен қираған нысандар жоқ.
Тұрғындар үшін жағдай қауіпті емес. Зымырандарды Қазақстан Республикасының аумағында объектілерді пайдалана отырып ұшыру оқу-жаттығуларын өткізудің жылдық жоспарына және кестесіне сай жүргізілді. Осы келісім бойынша Ақтөбе облысының әкімдігі жанындағы Қазақстан-Ресей комиссиясы оқиғаның мән-жайы мен себебін анықтайды, — делінген ведомствоның хабарламасында.