Басты бетЖаңалықтарОңтүстік Кореяда...

Оңтүстік Кореяда сот Қазақстан азаматына қатысты үкім шығарды

Оңтүстік Кореяда баланы көлікпен қағып кеткен Қазақстан азаматы 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасы хабарлады.

Баланың туыстары сотталушыға кешірім бермеді. Олардың айтуынша, көлік қаққан баланы емдеуге 50,5 мың доллар қаражат жұмсалған. Ата-ана науқасқа күтім жасау үшін жұмыстан шығуға мәжбүр болған.

Қазақстан азаматының адвокаты Чой Хак Се сот үкімін әділетсіз деп есептейді. Оның айтуынша, зардап шегуші көлік жолын рұқсат етілмеген жерден кесіп өтпек болған. Ал сотталушы жол-көлік оқиғасынан кейін қашып кетпеген, тоқтап, балаға көмек беріліп жатқанына көз жеткізген. Қазақстанға оралғаннан кейін жергілікті құқық қорғау органдарына барып, айыбын мойындаған. Ол Кореяда заңсыз жүрген және көлік айдауға құқығы болмаған.

Сот шешімі бала басын қатты зақымдағанына негізделген. Біз зардап шегуші тараппен ымыраласу үшін апелляцияға өтініш бергелі отырмыз. Баланың денсаулығы қалпына келсе, ата-ана шешімін өзгертуі мүмкін. Қорғауымдағы тарап әзірше зардап шегушінің емделуіне қажет қаражатты бере алмай отыр, себебі бұл — Корея азаматтары үшін де өте қомақты сома, — деді Чай Хак Се.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Оңтүстік Кореяның Чангвон қаласы соты үкім шығарған азаматтың аты-жөні — Сырым Шәрібек. Ведомствоның хабарлауынша, айыпталушы тарап адвокатының апелляциясы қабылданбаған жағдайда Қазақстан азаматының жазасын өтеу мерзімі оның Корея Республикасының аумағына келген сәттен, яғни 2019 жылдың 14 қазанынан бастап есептеледі. Қазіргі уақытта Сырым Шәрібек Чангвон түрмесінде.

Бұл оқиға 2019 жылдың 16 қыркүйегінде болған еді. Қазақстан азаматы баланы көлікпен қағып кетіп, оқиға орнынан ізін жасырған, кейін оның елден қашқаны мәлім болды. Судьяның мәліметінше, зардап шеккен бала қараша айында ауруханадан шықты. Баланың әкесі айыпталушының анасымен кездесуден бас тартты.