Басты бет Қоғам Қатты тоңған және денесі үсіген адамға қалай көмек беру керек?

Қатты тоңған және денесі үсіген адамға қалай көмек беру керек?

Қыстыгүні көлік жүрмей немесе тағы да басқа себеппен жолда қалып қойып жататындар, далада қонуға мәжбүр болатындар бар. Салқында ұзақ уақыт болған адамға суық тиіп, тіпті денесі үсіп кетуі де мүмкін. Мұндайда суық жарақатын алған адамға алғашқы көмекті қалай беру қажет екенін білген абзал. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің мамандары азаматтарға осы жөнінде кеңес берді. 

Иллюстрация: Dribbble.com/©Ani Gevorgyan

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті ішкі және сыртқы коммуникация тобының бас маманы Евгений Журавлевтің мәліметінше, қатты тоңған адамға дер кезінде дұрыс көмек бермеу зардап шегушінің өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Маманның кеңесін назарларыңызға ұсынамыз.

№1 ереже. Қатты тоңған адамның денесін түгел және біртіндеп жылыту керек. Дененің жеке бөлігін қыздыру аса қауіпті!

Тоңған денені бірден ысытуға тырыспаған дұрыс және тек аяғын немесе қолын жылытуға болмайды. Ең тиімді әдіс — адамды суының температурасы 25-28 градус жылы болатын ваннаға жатқызу. Судың температурасын біртіндеп 37-40 градусқа дейін көтеру керек. Зардап шегушіні жылуоқшаулағыш төсенішке жатқызып, мойынорағыш, жемпір сияқты киімдерді жылы суға малып, орап тастауға да болады. Мата суып бара жатқанда ауыстырып отырады. Бұл істі адамның бойы жылынғанша 1 минут та тоқтатпау қажет. Аяқ-қолын абайлап уқалап отыруға да болады. Қан ағысын бас пен денеге жіберу үшін аяғын аздап көтеріп қоюға болады.

№2 ереже. Адам жылынған соң оған ыстық тәтті шай немесе кофе беру керек.

Жүрегі айнып, құспаса, ыстық сусындардан соң тамақ берген жөн. Содан соң тоңған адамды кемі бір күн жылы жерде демалдыру қажет. Ескертетін жайт — көбі қатты тоңған адамға алкогольді ішімдік беру керек деп есептейді. Кез келген мөлшердегі алкогольді ішімдік зардап шегушінің жағдайын жақсартпайды, керісінше, халі нашарлап кетуі мүмкін.

№3 ереже. Адам жылынып, өз-өзіне келсе де, оны жалғыз қалдыруға болмайды.

Зардап шеккен адамның жанында оның халін біліп, жағдайын жасап отыратын бір адам болуы керек. Өйткені суық тию мен үсіктің ауыр салдары болуы мүмкін.

№4 ереже. Қатты тоңған адамға көмек берілген соң оны міндетті түрде дәрігерге көрсету керек.

Бұл ережелер толық орындалып, зардап шегушінің жағдайы тұрақталғанымен оны бәрібір медициналық тексеруден өткізу керек. Адам өзін жақсы сезініп тұрса да, ешкім қатты тоңудың салдары болмайтынына кепілдік бере алмайды.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version