Қауымдастықтың басқарма төрағасы Светлана Романовская тұтынушылар сапасыз өнімді қалай анықтап, қайда шағымдану керек екенін айтты.
Ішімдік сататын дүкендер қандай заңсыздықтарға барады?
2019 жылы Алматыда 6 мыңнан астам адам алкогольден уланып, оның 2 мыңы ауруханаға түскен. 23 адам қайтыс болған. Бұған алгокольді ішімдік сататын дүкендердің заң бұзғаны себеп. Қауымдастық акция барысында дүкендерде қандай заңсыздықтар жиі тіркелетінін анықтады. Олардың ішінде:
- алкогольді ішімдіктерді шот-фактурасыз сақтау;
- өндірушілердің акциз маркасын көбейтуі, заң бұзған өндіруші бір акциз маркасын үш бөтелкеге жапсырады, сонда алкоголь өнімінің қайдан келгенін, қалай жеткізгенін анықтау мүмкін болмайды;
- алкогольді контейнерлерде лицензиясыз сақтау;
- алкогольді үйде 5 литрлік пластика контейнерінде сақтау;
- алкоголь өнімдерін Үкімет белгілеген минимал бағадан арзанға сату;
- 21 жасқа толмаған азаматтарға алкоголь ішімдігін сату бар.
Біз Үкімет белгілеген алкоголь өнімінің минимал бағасынан арзан ішімдікті сатып алып, оны зерттеуге бердік. Бағасының ең төменгі бағадан арзандығы күмән тудырды. Бір бөтелке ішімдіктің құрамын зерттеу үшін жеке лабораторияға 20 мың теңгеден артық ақша кетті. Демек, қарапайым тұтынушы мұндай ақшаға алкоголь ішімдігін тексертіп жүрмейді. Біз тексеруге берген ішімдіктің құрамы таза болып шықты, — деді Светлана Романовская заңсыз алкоголь өнімдерін анықтау жөніндегі кең ауқымды акцияны қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында.
Алайда ішімдік құрамында қоспа болып сотқа шағымданған күннің өзінде өндіруші сатып алушының ақшасын қайтармауы мүмкін. Өйткені өндіруші бөтелкені ашып, «орнына басқа ішімдік құйып қойған» деп тұтынушының өзіне жала жабуы мүмкін. Мұндай мәселенің алдын алу үшін күмәнді алкоголь өнімін сатып аларда тексерткен жөн.
Алкоголь ішімдіктің сапасын тұтынушы қалай тексере алады?
Қауымдастық өкілі, заңгер Венера Кенжина алкогольді ішімдікті тұтынушылардың өзі де тексере алатынын айтты.
- Алдымен өнімнің бағасына мән беріңіз. Қазақстан Үкіметі жыл сайын алкогольді ішімдіктерді бөлшек саудада өткізудің ең төменгі бағасын бекітеді. 2019 жылы 1 литр алкогольді ішімдіктің бағасы 1 923 теңгеден, 0,5 литрі 961,5 теңгеден, ал 0,25 литрі 480,75 теңгеден кем болмауы керек. Осы бағалардан арзан ішімдікті кездестірсеңіз, бірден күмән келтіріп, өнімді тексеріп беруді сұраңыз.
- Алкогольді ішімдік сататын кез келген дүкенде бақылау маркасын сәйкестендіру құралы болуы қажет. Сатушыдан күмәнді ішімдіктің маркасын сол құрал арқылы тексеріп беруді сұрауға әркімнің құқы бар. Бұл құрал болмаса, дүкенге айыппұл салынады. Ол үшін қауымдастықтың тегін сенім нөміріне хабарласу қажет.
- Wipon қосымшасын смартфонға жүктеп алып, алкоголь өнімдерін заңсыз бақылауды есепке алу белгісіндегі штрих-кодты сканерлеу арқылы өнімнің түпнұсқа немесе жасанды екенін анықтауға болады.
- Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми интернет-ресурсында «Алкогольді өнімдерді есепке алу, бақылау маркасының дұрыстығын тексеру қызметі» қосымшасы іске қосылды.
Сапасыз алкоголь ішімдігін кезіктірсеңіз, заңсыз сауданың куәсі болсаңыз, қауымдастықтың Potrebitel.kz сайтына жаза аласыз. Kcell/active абоненттері үшін 2040, Beeline абоненті үшін 2518 тегін сенім телефондарына хабарласуға болады.
Қазақстандағы пайдалы өнімдер енді «жасыл нүктемен» белгіленеді
«Қазақстанның тұтынушылар лигасы» қауымдастығы «Жасыл нүкте» жобасын іске қоспақшы. Светлана Романовскаяның айтуынша, бұл жоба алғаш Аргентинада жүзеге асқан.
Аргентинада халықтың көп бөлігі оқи алмайды. Сол үшін мемлекеттік органдар «Бағдаршам» жобасын қолға алған. Жасыл нүкте қойылған өнімнің денсаулыққа еш зияны жоқ. Ондай өнімді белгіленген мөлшерде қолданса, адамның ағзасына пайдалы болады. Ал өнім сары түспен белгіленсе, өнімнің құрамында өмір сүру сапасына кері әсер ететін қандай да бір заттардың бар екенін білдіреді. Қызыл нүктесі бар өнімде қанттың, кофеиннің немесе өзге де денсаулыққа кері әсер ететін зат тым көп. Бұл жобаны енгізгеннен кейін 3 жылдан соң Аргентинада қант диабетімен ауыратындардың саны 70% азайған.
Біз қызыл нүктені енгізбейміз. Қызыл нүктеге лайық өнімді халыққа ұсынғаннан гөрі оны дүкен сөресінен алып тастау қажет. Қазір 22 компания өнімдерін зерттеуге беріп отыр. Жасыл нүктені енгізуге өндірушінің өзі рұқсат беруі қажет. Өнімдерді зерттеу кезінде олардың құрамында адам денсаулығына пайдалы зат көп болса, өндірушінің өтінішінсіз-ақ жасыл нүктені тегін енгіземіз. Бұл — әзірше қауымдастық қана қолға алған талап. Үкімет жобамызды қолдаса, бірге жұмыс істеуге ниеттіміз немесе жобаны толық мемлекетке бере аламыз, — деді Светлана Романовская.
(Иллюстрация: Dribbble.com/©Folio Illustration Agency)