Қала басшысы білікті мамандардың жетіспейтінін алға тартты, жаңа ашылған қонақүйлер бір-бірінен персоналды қызықтырып тартады деген мысал келтірді. «Жаңа дағдылар қалыптастырып, қайта оқыту қажет», — деп атап өтті ол.
«Бүгінде өз ісінің маманы темір шебері, инженер болып көбірек ақша тапқан тиімдірек сияқты. Орта арнайы біліммен сылақшы, әрлеуші жоғары білімі бар адамға қарағанда, көп ақша табады. Себебі бұл кәсіптер сұранысқа ие. ЖОО-да білім алуға жылына 400 мың теңге кетіргенге қарағанда, ата-аналар бірден балаларын кәсіп игеру үшін колледжге бергені дұрыс», — деді Бауыржан Байбек.
Әкім бизнесмендерге осы проблеманы шешу үшін МЖӘ схемасында колледж ашып, кадрларды сонда оқытуды ұсынды.
Айта кетейік, қыркүйек айындағы жағдай бойынша жұмыссыздардың саны 447,2 мың адамды құрады. Халықтың экономикалық белсенділігіне байланысты жұмыссыздар деңгейі — 5%.