Амбидекстрлер қандай болады?

Нейропсихолог Назгина Абдурахманованың айтуынша, о баста кез келген адам амбидекстр болып туады. Бірақ кейін олардың 99%-і не оңқай, не солақай болып қалады.

Бала 4-5 жасқа толмайынша миының қай сыңарының белсенді екені белгісіз болады. Тек осы жасқа жеткенде оның миының ассиметриясы анықталып, баланың бір қолы еркінен тыс жұмыс істейді. Осы кезде оның амбисинистр (оңқай, солақай) немесе амбидекстр екені анықталады, — дейді ол.

Амбидекстрия екі қолмен бірдей жұмыс істеу ғана емес, бұл қабілет адамның кез келген мүшесінің нақты бір басқару жүйесінің болмауын білдіреді.

Олардың екі көзі де жақсы көреді, екі құлағы да күшті естиді және тағы басқа. Амбидекстрлер еш қиналмай, бірнеше істі қатар орындайды, біреуінен екіншісіне тез ауыса алады. Себебі мидағы сыңарлардың белсенділігі оңнан солға қас-қағым уақытта ауыса алады. Бұл амбидекстрге оқиғаны тез түсінуге және ақпаратты тез қорытуға көмектеседі, — дейді нейропсихолог.

Ата-ана не істеуі қажет?

Амбидекстрлер өзгелерден ерекше. Нейропсихологтың айтуынша, сондықтан оларды тәрбиелегенде кейбір нәрсені ескеру қажет.

Амбидекстрдің ата-анасы кезігетін ең бірінші мәселе — баланың гипербелсенділігі. Энергиясы тасып тұрған балаға ұрысудың, оны сабырға шақырудың пайдасы жоқ. Тек қайда, не істеп отырғанына назар салып, күшін өзге пайдалы іске жұмсауына көмектесу қажет. Кейін бала өзін-өзі бақылай алатын адамға айналады, — дейді Назгина Абдурахманова.

Нейропсихологтың айтуынша, оңқай және солақай адамдар көбіне сезімді ақылдан ажыратып, бөлек қарастырғысы келеді. Ал амбидекстрлер үшін бұл мүмкін емес.

Себебі мұндайдан кейін оның жүйкесіне шамадан тыс жүк түседі. Бұл — олардың минусы. Егер балаңыз амбидекстр болса, оны тек бір үйірмеге емес, әртүрлісіне жазыңыз. Мысалы, бала шахмат ойнап жүрсе, оның шығармашыл қабілетін дамыту үшін тағы суретке я биге беріңіз. Сонда баланың ми сыңарлары тең жұмыс істейді. Әдетте, мұндай баланы тек логикаға немесе шығармашылыққа жегіп тастаса, ол жылаңқы болып өседі. Амбидекстр гуманитар бағытта да, логикада да белсенді болуы керек, — дейді ол.

Амбидекстрлер жапон халқында көп кездеседі екен. Бұл жерде гәп халықтың әліппесі мен жазуында болып тұр.

Иероглифтерді оқығанда мидың оң сыңары, ал есеп пен сандарды игергенде сол сыңары белсенді болады. Осы себептен жапондарда амбидекстрлер көп, — дейді нейропсихолог.

Бала, психологиялық соққы, есею
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Баланы екі қолымен бірдей жұмыс істеуге үйреткен дұрыс па?

Маманның айтуынша, бала солақай болса, оң қолымен жазуға немесе керісінше үйретудің қажеті жоқ.

Бұл нәрсе адамда табиғатынан қалыптасып қойған. Мұны өзгертем деу баланың ми жұмысына бір күні болмаса, бір күні кесірін тигізеді. Егер ата-ана баласының амбидекстр болғанын қаласа, кішкентай кезінен оңқай болса, конструкторды сол қолымен құрастыруды үйретіп көрсін. Бірақ бұл бала екі қолымен де жақсы жұмыс істеп кетеді деген сөз емес, — дейді балалар нейропсихологы.

Егер адам көп істі оң қолымен, кейбірін ғана сол қолымен істейтін болса, ол амбидекстр деп есептелмейді. Бұл — қалыпты жағдай.

Ата-ана мұндай баладан көп нәрсені талап етпегені, қатал болмағаны, керісінше оны түсінгені жөн. Әйтпесе, жасөспірім кезде олар депрессияға жиі ұшырайды. Амбидекстрдің өмірге басқаша қарайтынын, кейбір нәрсені өзгеше қабылдайтынын ұмытпаңыз. Олар — талантты, стандартқа сай ойламайтын, өзгеше балалар, — дейді Назгина Абдурахманова.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!