Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министріне тапсырма берді

Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіні қабылдады. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде министр АҚШ-қа жасаған ресми сапары мен биылғы 15-16 желтоқсанда Мадридте өткен «Азия-Еуропа» Сыртқы істер министрлері форумының 14-кеңесіне қатысқаны туралы баяндады.

Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, келіссөз барысында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Америка Құрама Штаттары Қазақстанды өңірдегі сенімді серіктесі әрі өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі негізгі әріптесі деп білетінін айтқан. Ал «Азия-Еуропа» форумына қатысушылар Азия мен Еуропа елдерін байланыстыратын және көлік жолдарын дамытуға ықпал ететін Қазақстанның транзит әлеуетін жоғары бағалаған.

2020 жылға арналған халықаралық күн тәртібін талқылау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев министрге Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттар жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.