Басты бет Жаңалықтар Ерболат Досаев қандай азық-түлік түрі ерекше қымбаттағанын айтты

Ерболат Досаев қандай азық-түлік түрі ерекше қымбаттағанын айтты

Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы 2019 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша банк саласының жай-күйі туралы баяндама жасады.

Фото: Іnform.kz

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев азық-түлік тауарлары бір жылда 9,7% қымбаттағанын айтты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Ерболат Досаевтың мәліметінше, биыл қарашада жылдық инфляция Ұлттық банк межелегеннен төмен болды — 5,4%.

Азық-түлік тауарлары бір жылда 9,7% қымбаттады. Нан-тоқаш өнімдері мен жарма бағасының 15,5%, ет және ет өнімдерінің 13,4%, балық пен теңіз өнімдерінің 12,2% өсуі ерекше байқалады, — деді Ұлттық банк төрағасы.

Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы былтырғы желтоқсандағы 6,4%-тен биылғы қарашада 4,8%-ке дейін төмендеді. Бұған жанармайдың 4,5% арзандауы себеп болды.

Ақылы қызмет түрлері тарифі жылдық көрсеткіш бойынша 0,6% өскен. Осы жылдың соңына дейін инфляция деңгейі 5,5-5,7% болады деп болжанып отыр.

Ұлттық валютаның биржадағы бағамы 12 желтоқсанда долларына 384,63 теңге болды, бағам жыл басынан бері 0,1% әлсіреді. Ерболат Досаевтың айтуынша, сыртқы сектордағы қолайлы үрдістердің арқасында валюта нарығындағы ахуал биылғы қарашаның соңы мен желтоқсанның басында тұрақты болды. Мұнай бағасы әлем нарығында қарашаның басынан бері 5,8% өсті.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version