Оқушы мектепке хиджаб киіп келсе не болады?

Білім және ғылым вице-министрінің айтуынша, еліміздегі барлық мектептерде хиджаб киюге тыйым салатын жарғылар мен ережелердің бекітілген. Егер де оқушы мектепке хиджаб немесе басқа да діни мазмұндағы киіммен келсе, оған мектеп басшылығы шара қолдануы тиіс.

«Егер де оқушы мектепке қандай да бір діни мәні бар киіммен келсе, оның ата-анасына ескерту жасалады. Менен: «Бала мектепке хиджаппен келсе, сіз оны мектептен шығарып жібересіз бе?»,-деп сұрайтындар көп. Біз оқушыны мектептен шығармаймыз. Баланың ата-анасын шақырып, баланың үстіндегі діни мазмұндағы киімін ауыстыруды сұраймыз. Кейін бала сабағына қатыса береді.

Егер де жағдай қайталана берсе, бала ата-анасы келгенше мектепте күтіп отырады. Тағы да қайталаймын: оқушы мектепке келерде діни мазмұндағы киімдерін ауыстыруы тиіс. Сабақ аяқталып, мектептен шыққан соң, ол киімін қайта кие алады. Себебі, бұл мектеп. Біз ешкімге моральдық нұқсан келтіріп отырған жоқпыз», — деді Эльмира Суханбердиева.

 

Дереккөзtengrinews.kz