Дәрігердің айтуынша, қой етінде А1, В12, В1 витаминдері, кальций мен фосфор бар. Ол ешкі етіне қарағанда ағзаға әлдеқайда жеңіл, адамға күш-қуат беріп, тәбетін ашады.
Қой етінің құрамында ақуыз өте көп. Арықтағысы келген адам қой етін күніне 150 грамнан жесе, дене пішіні сымбатты бола түседі, — дейді Жанна Нұрбергенқызы.
Жылқы еті калий, натрий, фосфор, темір, магний элементтеріне және аминқышқылдар мен В, А, РР, Е тобы витаминдеріне бай. Нутрициологтың айтуынша, оны мұздатқышта сақтағаннан гөрі оны сүрлеп сақтаған әлдеқайда пайдалы.
Жылқы етінің ең басты қасиеті — жүрек-қан тамырлары ауруларын болдырмауға, бүйрек жұмысын жақсартуға, буын сүйектерінің сырқырауын басуға әсері мол. Ағза жасушаларын жаңартып отыратын қасиеті де дәлелденген. Демек, ол қартаюды тежейді, — дейді дәрігер.
Ал бүйрекке, бел мен басқа суық тигенде сиыр етінің пайдасы мол. Ол ағзада тез қорытылмайды. Дәрігердің айтуынша, сиыр етінде қаныққан май қышқылы көп, сонымен бірге РР, Е, Н, В тобының витаминдері, кальций, магний, натрий, калий элементтері бар.
Сиыр еті құрамындағы В6, В12 витаминдері жүйке жүйесін реттеуге және адамның есте сақтау қабілетін жақсартуға аса пайдалы, — дейді маман.
Мал атаулының бәрі жасына қарай семіреді. Семірген мал етін жеу ағзада холестерин мөлшерін арттырады. Сонымен бірге қазіргі кезде мал ірі, етті болуы үшін оның азығына түрлі химиялық зат та қосылуы мүмкін. Дәрігердің айтуынша, етті таңдауда осындай жайттарды ескеру керек.