«Олимп» букмекер кеңсесі заңсыз қызмет еткен — Ұлттық қауіпсіздік комитеті

«Олимп» букмекер кеңсесі ойын бизнесін заңсыз ұйымдастырғаны үшін лицензиясынан айырылды. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР ҰҚК Алматы бойынша департаменті прокуратура органдарымен бірге «Олимп» букмекерлік кеңсесі әкімшілігінің заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуге бастамашы болды. Тергеу деректері бойынша компания Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама нормаларын бұза отырып, интернет-ресурс арқылы лицензияланбаған әрекетті жүзеге асырған және табыс тауып келген. Тиісінше бұл салаға салық салынбаған, — делінген ҚР ҰҚК баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, букмекер кеңсесінің қаражатты шетелге заңсыз шығару арналары анықталып, оқшауланды. Қазіргі кезде оның қаржы қылмысына жататын басқа да іс-әрекеті тіркелген.

Алматы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 29 қарашада Only bet және Alpha bet серіктестіктерінің «Олимп» БК сауда белгісіне берген лицензиясын 6 ай мерзімге тоқтатты.

Қазір «Олимп» букмекер кеңсесінің заңсыз қызметінің, сонымен бірге салық заңнамасын бұзу әрекетінің нақты ауқымын анықтау бойынша тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.