Балабақшаға кезекке қою

Сәбиіңіздің туу туралы куәлігі рәсімделген сәттен бастап, балаңызды мемлекеттік балабақшаға кезекке қоя аласыз. Оны үйден шықпай-ақ электрондық үкімет egov.kz арқылы онлайн немесе iOS және Android үшін қол жетімді egov.kz мобильдік қосымшасы арқылы қоя аласыз.

Кезегіңіз келгенде білім басқармасының қызметкерлері сізге балабақшадағы орынның босағаны туралы хабарлайды. Бұл шамамен 3-4 жыл ішінде іске асуы тиіс. Егер сіз қандай да бір себептермен балаңызды мемлекеттік балабақшаға беруден бас тартсаңыз, кезек сізден кейінгілерге жылжиды.

Бұл процесстерді балабақшадағы кезек нөмірін қарау сервисінің көмегімен қадағалауға болады.

Мемлекеттік балабақшаға кезек алуда:

  1. I, II топтағы мүгедектердің балалары;
  2. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  3. Жетім балалар;
  4. Көпбалалы отбасының балалары;
  5. Жеңілдіктер және кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушылар және соғыс мүгедектеріне теңестірілген тұлғалардың балалары басым құқыққа ие.

Балаларды жинақтау

Балаларды жинақтау жазда өтеді. Оқу жылы мамыр айында аяқталып, ересек топтардың балабақшаны бітіру ертеңгіліктері өтеді де, бітірген балалар мектепке жіберіліп, босаған орындар кезектегілерге береді.

Көшкен жағдайда…

Астана қаласының тұрғындары қала ішінде көшкен жағдайда кезек сақталады, себебі жинақтау қала бойынша жүзеге асады. Алайда басқа қалаға көшкенде кезек сақталмайды және ата-аналарға баланы жаңа қалада кезекке қою қажет.

Балабақшадағы кезек жеткенге дейін…

Егер мемлекеттік балабақшадағы кезегіңіз әлі жетпесе, ол жеткенге дейін балаңызды мемлекеттік тапсырысы бар жеке меншік балабақшаға орналастыруға болады. Оған жіберу жолдамасын сізге білім басқармасы береді.

Бұл жағдайда «Балапан» мемлекеттік бағдарламасына жүгіне аласыз. Ол бойынша, жеке меншік балабақшадағы тәрбие мен білім үшін шыққан шығынды мемлекет төлейді. Ал, сіз тек тамақтану шығындары мен балабақша тарапынан алған қосымша қызметтер үшін ғана ақша шығарасыз. Айта кетейік, балаңызды мемлекеттік тапсырысы бар жеке меншік балабақшаға уақытша беру мемлекеттік балабақшадағы кезегіңізді бұзбайды.

Жеке меншік балабақшадағы қызмет құны

ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 28 мамырдағы № 488 қаулысына сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысының бір балаға есептегендегі мөлшері және ата-ананың ең көп төлемінің мөлшері жыл сайын аймақ әкімінің шешімімен белгіленеді. Айта кетейік, бұл жерде төлем жүйесін әр аймақтың жергілікті атқарушы органдары шешеді.

Мысалы,  Астанада баланы жеке меншік балабақшаға орналастырғанда ата-аналар тарапынан төлем 23 000 теңгені құрайды. Бюджеттен дотация – 15 900 теңге. Ол балабақшаның есеп айырысу шотына аударылады.

Жеке меншік балабақшаға қажетті құжаттар:

  1. Қаланың (аудан) білім басқармасында берілген жолдама, ауылдық жерде — әкімдікте;
  2. Баланың денсаулық паспорты;
  3. Эпидемиологиялыққ айналасы туралы санитарлық-эпидемиологиялық қызметтен анықтама.

Мемлекеттік тапсырысы бар балабақшадағы бала бір ай ішінде белгілі бір себептермен балабақшаға бармаса, орыны сақталады. Ондай себептерге: ауру, емделу және баланы медициналық, санаторлық-курорттық және өзге ұйымдарда сауықтыру, ата-аналардың біріне еңбек демалысының берілуі және жазғы маусымда 2 айға дейінгі мерзімде балаларды сауықтыру жатады.

Жеке меншік балабақшалардың тізімі

Мемлекеттік тапсырысқа қатысатын жеке меншік балабақшалардың тізімін әкімдіктер мен жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдардағы мемлекеттік білім тапсырысын орналастыру бойынша құрылған комиссия жасайды.

Айта кетейік, балабақшаны дұрыс таңдау — сіздің сәбиіңіз үшін өте маңызды. Онда баланың ұйқы және тамақтану кестесі қалыптасып, иммунитеті бекиді, көпшілік ортасына бейімделеді. Сондықтан, алғашқы білім беру ошағын таңдағанда мұқият болыңыз. 

Мақалада egov.kz порталынан мәліметтер қолданылды.