ОҚО-да жылу 25 қазаннан бастап беріледі

13 қазан күнi Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шымкент, Арыс, Түркiстан, Кентау қалалары мен Төлеби, Түлкiбас, Ордабасы, Бәйдiбек, Созақ аудандарында қар жауып, температура 4 градусқа дейiн төмендедi. Осы жағдайға байланысты облыс әкiмдiгi құзырлы органдарға мәжiлiс өткiзiп, бюджеттiк мекемелерге жылу беруге тапсырма жүктедi. Нәтижесiнде 14 қазаннан бастап облыстың бiлiм, денсаулық және әлеуметтiк салаларындағы бюджеттiк мекемелерге жылу берiлді.

Сонымен қатар 1510 бiлiм, 951 денсаулық, 811 әлеуметтiк бюджеттiк мекеменiң қысқа дайындығы тексерiлiп, қажеттi 170,2 мың тонна қатты, 9,2 млн. литр сұйық отынмен қамтамасыз етiлдi. Қазіргі таңда облыстағы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етiлетiн 2278 көпқабатты тұрғын үйдiң 2242-сi (98%) жылу беру маусымына дайын.

Ал, Шымкент қаласындағы қалған 36 үйдiң дайындығы тексерiліп жатыр. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының айтуынша, 25 қазаннан бастап барлық үй жылумен толық қамтамасыз етiледi.

Айта кетейік, Шымкент қаласын жылумен «3-Энергоорталық» стансасы қамтамасыз етеді.

Дереккөзokg.kz