Басты бет Қоғам Балалар тәжірибелі аспаздан 2 ай бойы кәсіби білім алды

Балалар тәжірибелі аспаздан 2 ай бойы кәсіби білім алды

Алматы облысындағы №1 балалар үйі мен №15 мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері аспаз мамандығы бойынша 2 айлық курсты тәмамдады. Бұл курсты Qaganat қоғамдық тамақтану желісі мен "Аяла" қайырымдылық қоры ұйымдастырған. Бренд-аспаз Марат Ғалеев 20 оқушыға асты қалай жылдам әрі дәмін келтіріп әзірлеуге болатынын үйретті. 

Марат Галеев және жас аспаздар. Фото: Сымбат Айдархан

Ақниет Әбілбек 13-те. №15 мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы. Болашақта жеке асханам болса деп армандайды. Ақниеттің айтуынша, аспаз болу үшін ең әуелі тазалық қажет.

Бұл курсқа қатысқаныма қатты қуанып тұрмын. Енді өзіміз тамақ дайындап, аспаз апайларға көмектесеміз. Аспаз болу үшін тазалықпен қатар ұқыптылық, тамақ істеуге ниет болуы керек. Марат ағай мастер-класта салат, стейк, балық пісіруді үйретті, — дейді оқушы.

Марат Галеев, Ақниет Әбілбек, Шынар Бүгімбаева
Марат Ғалеев, Ақниет Әбілбек, Шынар Бүгімбаева. Фото автордікі

Qaganat қоғамдық тамақтану желісінің бренд-аспазы Марат Ғалеев қатысушыларға тамақты тез дайындау тәсілін көрсетіп қана қоймай, фуршет үстелін сәндеудің де қыр-сырын үйретті. Жас аспаздар 2 ай ішінде төрт түрлі салат әзірлеуді, пиццаның үш түрін пісіруді және хычин жасауды үйренді. Сонымен бірге енді олар бәліш, болоньезе пастасы, тауық еті қосылған фетуччине, стейк, торт дайындауды да біледі.

Фото автордікі

«Аяла» қайырымдылық қоры 6 жылдан бері «Кәсіби бағдарлау» жобасын жүзеге асырып келеді. Қордың мақсаты — Қазақстанда қайырымдылық дәстүрі мен мәдениетін қалыптастыру.

«Аяла» қайырымдылық қоры президентінің кеңесшісі Салтанат Әскербекқызының айтуынша, бұл жобаға қатысқан әр оқушы болашақта кәсіп таңдаудан жаңылмай, білікті маман болып қалыптасады.

Біз балалар үйі мен мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне болашақта нақты қандай кәсіппен айналысқысы келетінін білуге көмектесеміз. Балалардың білім алуына қолдау көрсеткен — Qaganat қоғамдық тамақтану желісі. Мұндай мастер-кластар — балалардың белгілі бір кәсіби дағдыны меңгеруі үшін тамаша мүмкіндік, — дейді Салтанат Әскербекқызы.

Бренд-аспаз бен жас аспаздар. Фото автордікі

Бренд-аспаз Марат Ғалеев 9-11-сынып оқушылары үшін сегіз мастер-класс өткізді. Қатысушыларға аспаз курсында білім алғанын растайтын сертификатты Qaganat желісінің басшысы Шынар Бүгімбаева табыс етті.

Егер біздің бағдарламаның түлектері кәсіби маман атанып, қоғамдық тамақтану саласында еңбек ететін болса, менен асқан бақытты адам жоқ шығар, — дейді Шынар Бүгімбаева.

Фото автордікі

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version