Алматыдағы билеті ең арзан және ең қымбат театрлар

Ең арзан билет

Ең арзан билеттің құны — 500 теңге. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры көрермендерінің қалтасына салмақ салмайды. Бұл сомаға сіз қойылымды балконда отырып көресіз. Бастысы, көру қабілетіңіз мүмкіндік берсе болғаны. Ал, партердің ең алдыңғы екі қатарының бірінде отырамын десеңіз, сізден сұралатыны — 2 мың теңгелік билет.

Дәл осы бағаға Михайл Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының бірқатар қойылымын көре аласыз. Амфитеатрдың дәл ортасында отырмасаңыз да, сол және оң қанаттағы үш қатардың біріне жайғасатыныңызға біз кепіл. Алайда, аталған театрға бармас бұрын, бүгінгі қойылымның қандай екенін біліп алғаныңыз жөн. Кейде бұл жерде билетінің ең арзаны 5 мың теңге тұратын премьералар да болып тұрады.

театр

Ең қымбат билет

Ең қымбат билеттің бағасы құбылмалы. Құны 5 мыңнан — 8 мыңға дейін барады. Оларды тамашалау үшін «Жас сахна», «ARTиШОК», Абай атындағы опера және балет театры, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясына баруыңыз керек. Бірақ, бұл аталмыш театрлардағы барлық баға осындай деген сөз емес. Мәселен, филармониядан 1000 теңгеге музыкалық кештің қонағы болып қайтасыз. Ал, «Жас сахнадағы» ең арзан баға 1500 теңгені құрайды. Бұл сомаға «Тірі бағдаршам», «Джанниге арналған ертегі», «Жел өмір сүретін жақта» деген қойлымдарды көруге болады. «ARTиШОК» театрының ең арзан билеті — 3 мың теңге.

Мәліметтер «Тикетон» онлайн-сатылым порталынан алынды.