Алматы аудандарында 35 дәрігерлік амбулатория ашылады

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметі брифингінде қала тұрғындарына жақын жерден әлеуметтік-медициналық қызмет көрсету үшін қандай шаралар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы ахуал қандай екенін білу үшін Алматыдағы барлық медицина мекемесіне аудит жүргізілді. Қазір емханалар мен ауруханалардағы 30 мыңнан астам жабдықтың 10 мыңы әбден тозған.

Әр медицина ұйымы мен аудан бойынша жабдықтарды модернизациялаудың 3 жылдық жоспары әзірленді. Медицина жабдықтарын сатып алуға 60 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсау жоспарланып отыр. 2020 жылдың өзінде 20 миллиард теңгенің құрал-жабдығы алынады, — деді Алматы әкімі.

Бақытжан Сағынтаев қалада қабылданған «қадамдық жақындық» қағидасы бойынша алдағы 3 жыл ішінде жаңа ықшамаудандар мен қалаға қосылған аумақтарда 35 дәрігерлік амбулатория ашылатынын айтты. Биыл жетеуі жұмысын бастады. Жыл аяғына дейін тағы үшеуі ашылады.

Алатау ауданында қарашада жедел медициналық көмек қызметінің жаңа қосалқы станциясы ашылды, соның арқасында Әуезов және Алатау аудандарында дәрігерлік бригадалардың пациенттерге бару уақыты 25 минуттан 11-13 минутқа дейін қысқарды.