12 мың көрерменге арналған «Алматы Арена» – көпфункционалдық Мұз сарайы әлемдік деңгейдегі жаңа арена. Ол Универсиаданың ашылу салтанаты мен жабылу салтанатын және Универсиада жарыстарын өткізуге арналған. Бұл жерде мәнерлеп сырғанау және керлинг бойынша турнирлер өтеді.
3 мың көрерменге арналған «Халық Арена» – Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың басты нысандарының бірі. Осында хоккей бойынша жарыстарды өткізу жоспарлануда. Аталған үлкен спорттық кешенді салу 2014 жылдың шілдесінде басталған.
Айта кетейік, Қазақстанда Универсиада нысандарына нейминг концепциясы бірінші рет қолданылып, 3 мың орындық мұз аренасы құрылысына демеушілік танытқан «Халық банкінің» құрметіне «Халық Арена» деген атау алды.
Атлетикалық қалашық. Тұрғын үй кешені U (Universiade) ағылшын әрпімен орналасқан 14 ғимараттан және қызмет көрсететін 3 блоктан тұрады. Сәулеттік жоспар бойынша барлық нысандар жартасқа салынған суреттердегі күн адамының бейнесін бейнелейді.
Қалашық Универсиададан соң, халық қоланысына беріледі. Соның арқасында, Алматы қаласын дамыту бойынша 2020 бағдарламасы аясында Алатау ауданында өзіндік инфрақұрылымы бар жаңа шағын аудан құрылады. Бұл жерге Алматы арена мен Алатау кино-концерт ғимараты орналасқандықтан, басқа ауданның халқы да бұл жерге ағылатын болады.
Сондай-ақ, Алматы әкімдігінің бастамасымен «Алматы қаласының спорттық ғимараттары» дирекциясы құрылды. Универсиада мұрасына сәйкес ойындар аяқталған соң, барлық нысандар халыққа қолжетімді болады.
Естеріңізге сала кетейік, Универсиада операциялық бюджеті екі есеге қысқартылып, 17,8 млрд. теңгені құраған еді.
Аталмыш құрылыс нысандары егеменді еліміздің тарихында ерекше орын алған алып шаһар Алматыны қадірлеу, мақтан тұту, 1000 жылдық тарихына үңіліп, болашаққа бастар жолда Тәуелсіздіктің алтын бесігі — Алматыны көркейту мақсатында салынып жатыр.