Басты бетЖаңалықтарӘлемде ішімдіктен...

Әлемде ішімдіктен жыл сайын 3,3 млн адам қайтыс болады

2016 жылдың 17 мен 26 қазаны аралығында еліміздің барлық аймақтарында ішімдіктен бас тарту Ұлттық күнінің аясында «Алкогольді ішімдіктерден бас тарт!» деген ұранмен онкүндік өтеді.

Шараны өткізудегі мақсат – халықтың алкогольді ішімдіктердің ағзаға тигізетін жағымсыз әсері туралы хабардарлығын арттыру, балалардың, жасөспірімдер мен жастардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау.

Онкүндік барысында медициналық ұйымдарда мамандар кеңесінің ашық есік күндері өтеді: дөңгелек үстелдер; психолог, нарколог, әлеуметтік мамандардың қатысуымен оқу орындарында алкогольді ішімдіктерден бас тарту әдетін қалыптастыру және т.б. шаралары өтеді.

Алкогольді ішімдікті шамадан тыс қолдану өлімнің кобеюіне, денсаулықтың және тұрғындардың еңбекке қабілеттілігінің нашарлауына басты себеп болып отыр. Ол психикалық және мінез-құлықтық ауытқуларға, оның ішінде ішімдікке тәуелділікке, бауыр циррозы, қатерлі ісіктің кейбір түрлеріне, жүрек-қан тамырларының аурулары және тағы басқа ауыр жұқпалы ауруларға әкеп соғады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, әлемде ішімдікті шамадан тыс қолданудың нәтижесінде жыл сайын 3,3 млн. адам қайтыс болады.

Биылғы жылы 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларында ДДСҰ әдісі бойынша ересек тұрғындар мен жасөспірімдер арасында қауіптің мінез-құлықтық факторларының таралуын анықтау бойынша VI Ұлттық әлеуметтік зерттеу аяқталды. Зерттеу шаралары өмір сүру әдеттерін бағалаудың бұрынғы сараптамаларымен салыстырғанда, ішімдіктерді қолдану көрсеткішінің төмендеуі анықталды: 1998 жылғы 55%-дан 2015 жылғы 24,2%-ға дейін, ішімдікті шамадан тыс қолдану 2012 жылғы 5%-дан 2015 жылғы 4,1%-ға дейін.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда алкогольді ішімдіктен бас тарту Ұлттық күні 2007 жылдан бері аталып келеді.

2011 жылы ДДҰ Еуропалық бюросы 53 елінің өкілдері алкогольді ішімдікті қолдануды азайтуға бағытталған 2012-2020 жылдарға арналған іс-шаралар Жоспарын бекіткен болатын. Бұл құжатта аталған проблеманың барлық қырлары қарастырылып, алкогольмен байланысты жағымсыз әсерлерді азайтудің тиімділігі дәлелденген әрекеттердің бірнеше нұсқаларын ұсынылды. Алкогольдің бағасын ырықтандыру, көлікті мас күйінде жүргізуді реттеу мен алкогольді жарнамалауды азайту шаралары едәуір тиімді стратегиялар болып табылады.