Басты бетҚоғамКолледждер қажет мамандарды даярлап жатыр

Колледждер қажет мамандарды даярлап жатыр

Биыл Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жүргізген сараптаманың нәтижесінде жоғары сұранысқа ие 100 мамандықтың 65-сі техникалық және кәсіптік білім беру саласының маманы екені анықталды. Оның ішінде ІТ мамандары, 3D модельдеу және программалау инженері, “ақылды қала” салу үшін сәулетшілер мен жобалаушылар, мультимедиялық және графикалық дизайнерлер, өндірісті автоматтандыратын мамандар бар.

Бүгінде еңбек нарығы жаңа технологияларды жетік меңгеретін мамандарды талап етеді. Сондықтан техникалық және кәсіптік білім беру саласына баса назар аудару қажет. Осы бағытта облыста тиісті жұмыс жүріп жатыр. Техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасын дамытудың кезеңдік жоспары құрылған. Осы жылы облыстағы 14 колледждегі 32 кабинет қайта жабдықталды. Болашақ жас мамандарға сапалы білім беру үшін өндіріс орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатылған.

Семейдегі Электротехникалық колледж бен Өскемендегі политехникалық колледждің базасында ІТ бағыттағы орталықтар ашылған. Оған облыстық бюджеттен 398 миллион теңге бөлінді. Өскемендегі көпсалалы технологиялық колледжде KAZMINERALS-тің қолдауымен арнайы орталық ашылды. Оған қажет құрал-жабдықтарды алуға 300 миллион теңге бөлінді.

“Жас маман” республикалық жобасы аясында 2021 жылға дейін облыста өнеркәсіп, қызмет көрсету, құрылыс және көлік сияқты 8 орталық ашылады. Жалпы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерін инвестициялауға 7 миллиард теңге қарастырылған.

Бағдарламаның басты мақсаты – 2022 жылға дейін орташа білім алған мамандардың кәсібилігін 24%-ке көтеріп, колледж түлектерінің 16%-ін жұмыспен қамту.

Шығыс Қазақстан облысының колледж студенттері халықаралық WorldSkills қозғалысына қатысты. Кейінгі екі жылда облыс құрамасы республикалық жарыста көшбасшы атанды. Қазақстан құрамасы (команданың негізін ШҚО-ның жастары құрады) 45-WordSkills Kazan әлемдік чемпионатында жүлдемен оралды. “Авиациялық жүйені пилотсыз басқару” режимі бойынша қазақстандықтар мехатроника бойынша Medallion for Excellence және Вest of national медалін иеленді.