Шығыс Қазақстан облысында JCI стандарты бойынша қызмет көрсету жолға қойылды

Аймақ басшысы денсаулық сақтау саласын өркендету ең басты міндеттердің бірі екенін айтты. Осы мақсатта облыста 3 жылдық кешенді жоспар жасалған. 2016 жылдан бастап емханаларды халықаралық стандартқа сәйкес жабдықтау және емдеу барысында қолданылатын алдыңғы қатарлы технологияларды инвестициялау, мамандарды әлемдегі озық емхана мен еліміздегі жетекші клиникада қайта даярлау жүріп жатыр.

Сонымен қатар цифрландыру кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Бүгінде өңірде республикадағы жоғары технологиялармен жабдықталған ғылыми орталықтардың филиалдары ашылып жатыр. Медициналық мекемелер JCI стандарты бойынша қызмет көрсетеді.

Облыстық бағдарламаны іске асыру мақсатында 22,3 миллиард теңге бөлініп, 1080 құрал алынды. Мұнымыз нәтижесін берді. Осылай жоғары технологиялар көлемі 2,5 есе артып, халықаралық аудит жұмыстарының 85%-і орындалды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100% болмақ, — дейді Даниал Ахметов.

Медицина ұйымдарын жабдықтау денсаулық сақтау орталықтарының құрылып, халықаралық стандартқа сәйкес сапалы қызмет көрсетуіне мүмкіндік берді. Өңірде робот хирургия орталығы, көпжарақат пен ортопедия орталықтары ашылды.

Алтай мен Аягөз аудандарында ІІ деңгейлі инсульт орталығы бой көтерді. Науқастардың диагнозын анықтау мақсатында онкология және хирургия орталығында МРТ іске қосылды. Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасында гибридті хирургиялық операциялар жасайтын жаңа зал ашылды. Жекеменшік серіктестік аясында офтальмохирургия орталығы қолданысқа берілді және заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Онда білікті мамандар жұмыс істейді.

Семейде 200 орындық балалар ауруханасының құрылысы аяқталуға жақын. Бұдан бөлек Өскеменде 300 адамға арналған көпсалалы аурухананы салу мәселесі қарастырылып жатыр. 2021 жылы Семей ядролық медициналық орталығының құрылысы аяқталады. Сонымен қатар аймақта онкология, кардиология, босандыру және бала, аудандық ауруханалардағы бас дәрігерлерге арналған менеджмент үш кезеңге арналған бағдарлама негізінде оқытылады. Оқудың бірінші кезеңінде 3,7 мың дәрігер Семейдегі медицина  университеті мен республикалық ғылыми зерттеу институтында білім алды.

Екінші кезеңде 1,5 мың дәрігер 86 шеберлік сыныбына қатысты. Оған қазақстандық және әлемдік деңгейдегі білікті мамандар тартылды. Дәріс облыстағы емханалардың базасында өтті. Үшінші кезеңде 276 маман Ұлыбритания, Германия, Жапония, Италия, Польша, Литва мен Израиль елдеріне барып, біліктілігін арттырды. Ал 2020 жылы 300 медицина қызметкерін шетелге жіберіп оқыту жоспарда бар. Қазір медицина мекемелері «Алтын стандарт» JCI  халықаралық стандарты бойынша аккредитациядан өтіп жатыр. Әзірше бұл жұмыстар Семейдегі жедел жәрдем ауруханасының базасында жүріп жатыр. 2021 жылға дейін дәл осындай медициналық қызмет көрсету стандарты Өскемендегі ана мен бала орталығына келушілерге де көрсетілмек.

Айта кетейік, 3 жылдық кешенді жоспар құрудың нәтижесінде сәби өлімі 22%, қатерлі ісік көрсеткіші 4,5%  азайды. Оның алдын алу үшін диагностикалау мен емдеудің 130 мыңнан астам жаңа түрі енгізілді. Сондықтан тұрғындар медициналық қызмет көрсету сапасының дамуына көңілі толғанын білдіріп отыр. Ал қатерлі ісікті ерте бастан анықтау жұмысы 106% құрады, — дейді Даниал Ахметов.