Шығыс Қазақстан облысында Абайдың 175 жылдығы қалай тойланады?

Әкім облыста осы шараны кең ауқымда атап өту үшін арнайы жоспар жасалғанын атап өтті. Барлығы 560 іс-шара өтеді, 24-і халықаралық деңгейде Ұлыбританияда, Ресейде, Түркияда, Польшада, Қытайда, 21 республикалық, 515 облыстық шара ұйымдастырылады.

Мерейтойды өткізудегі басты мақсат — Абай мұрасын әлемге таныту, Қазақстандағы гуманизмнің жоғары деңгейін көрсету. Еліміздегі татулықты, ашықтықты өзге елдерге паш ету, — деді Даниал Ахметов.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аймақтық жоспарына ақынның мерейтойы енгізіледі. Жыл соңына дейін «Абайтану» курсының оқу-әдістемелік кешені әзірленеді, ғалымдар шақырылады. Кейіннен бұл ғылыми-зерттеу институтының жұмысы облыстағы колледж бен мектептерге таратылады. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен 2020 жылдан бастап 5-8 сынып оқушыларына  элевтив курс ретінде енгізіледі. Сонымен қатар педагогикалық колледждердің студенттері де осы курсты оқитын болады.

2019 жылдың қарашасынан бастап 280 мұғалім арнайы курстан өтеді. Оларға ЖОО-дағы абайтанушылар дәріс береді. 2020 жылдың сәуірінде оқушылар мен студенттер арасында ІТ-хакатон өтеді. Басты мақсат — ІТ шешімдер арқылы Абай туындыларын насихаттау.

Білім беру саласында Абай шығармаларын насихаттау үшін олимпиадалар, дәрістер жүргізіледі. Жеңімпаздар Жидебай-Бөрілі, Ақшоқы туристік бағыттары бойынша Абай, Әуезов, Достоевский музейін барып, аралауға мүмкіндік алады. Оған шамамен 225 мың оқушы мен студент қатысады.

2020 жылдың тамызында Абай атындағы қазақ тілін тереңдетіп оқытатын облыстық мамандандырылған мектеп-гимназиясы ашылады. Сонымен қатар Өскемендегі №46 жалпы білім беретін орта мектеп пен Абай ауданындағы Қарауыл ауылында 300 орындық мектепте қазақ тілі тереңдетіп оқытылады. Ал келесі оқу жылында облыстағы 277 толық комплектілі мектеп пен екі педагогикалық колледжде «Абайтану» кабинеттері ашылады. Жоғары оқу орындарында «Адам бол» атты ғылыми зерттеу жобалары қолға алынады.

1-4 курс студенттері «Абай және ХХІ» ғасыр атты элевтив курсын өтеді. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің базасында «Хакім Абай» жобасы іске асып жатыр. Онда Абай мұрасын насихаттайтын баспалар шығады. Оған абайтанушы Арап Еспенбетов жетекшілік етеді.

Мәдениетті дамыту бағдарламасы аясында «Шығыс Қазақстанның ежелгі байлығы» жобасы қолға алынды. Бұл жоба аясында «Алтын ұлы дала» атты көшпелі археологиялық көрме ұйымдастырылады. Ұлыбританиядағы Кембридж университетінде 26 мамыр мен 16 тамыз аралығында осы көрме өтеді. Онда «Ұлы даланың ұлы ұлдары» атты әдеби-суреттемелік көрме бөлімі болады. Келушілердің назарына сирек кездесетін қор ұсынылады. Оның ішінде Абай шығармашылары да бар. Сонымен қатар «Абай — ұлы ойшыл» атты суретшілердің пленэрі өтеді. Оған отандық және шетелдік қылқалам шеберлері қатысады.

Классикалық орындаушылардың қатысуымен «Ақ Ертіс» халықаралық байқауы өтеді. «Абай әлемі» кітаптар сериясы шығарылады. Онда әдеби  мұралар мен өңірдегі жазушылардың потенциалы көрсетіледі. Абай мұрасын насихаттау мақсатында фотоальбомдар мен музейлерге арналған катологтар шығады.