600-ден астам мемлекеттік қызметші жауапкершілікке тартылды

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі биыл мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты 65 мыңнан астам заңсыздықты анықтады. Бұл туралы ведомство басшысы Анар Жайылғанова Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты.

Агенттік мемлекеттік қызмет көрсету ісіне қатысты 759 рет бақылау жүргізген. Анар Жайылғанованың айтуынша, былтырға қарағанда заңсыздық саны 34,5 мыңға азайған. Азаматтардан мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты 1 300-ге жуық өтініш келіп түскен.

Жеке және заңды тұлғалардың шағымы негізінде 329 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Келіп түскен шағымдардың жалпы санының 44%-і жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің әрекетіне қатысты. Жалпы, ұсыныстардың нәтижесі бойынша 641 тұлға түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды (әкімдіктер — 479, орталық мемлекеттік органдар — 162), олардың 27%-і немесе 170-і қызмет берушілердің басшылығына қатысты, — деді Анар Жайылғанова.

Қазіргі уақытта агенттік азаматтар айтқан проблемаларды барынша жедел шешуге кіріскен. Бұдан былай мемлекеттік қызмет сапасына қатысты Digital agent қосымшасымен шағым түсіруге болады.