Журналист Жұлдыз Төлеу «Жусан иісі» деректі фильмін көпшілікке таныстырды. Фильм желісі мемлекеттің «Жусан» операциясымен Сириядағы соғыс алаңынан оралған қазақтар туралы. Автордың айтуынша, олардың көбі — қайта құру кезеңінде, 1985-1993 жылдары туған азаматтар. Олардың қақтығыс аймағына кетуіне бала кездегі қиындықтары, дұрыс тәрбие ала алмауы себеп болуы мүмкін.
Біз осы тақырыпты талқылағанда және «содырлар», «адасқандар» дегенде ерлер туралы ғана айтып жатамыз. Мен бұл мәселені азаматының қасында болған әйелдердің жағдайы арқылы көрсеттім. Қызығы, олардың көбі орыс тілінде сөйлейтін ортадан шыққан. 80-90%-і — балалық шағында психологиялық соққы алған қыз-келіншектер, — дейді Жұлдыз Төлеу.
Таяу Шығыста соғыс басталғалы Сирия мен Иракқа Қазақстаннан 800-ге жуық азамат кеткен. Соған байланысты еліміз үш кезеңнен тұратын «Жусан» операциясын жүргізді. Операция кезінде Сириядағы балалар мен әйелдер елге оралып, біразы оңалту орталықтарына орналасты. «Жусан-1» операциясымен 47, «Жусан-2» операциясымен 231, «Жусан-3» операциясы аясында 238 азамат елге эвакуацияланды.
Сириядан келген балаларға ертегі айтып, «Соңын қалай аяқтар едің?» деп сұрағанымызда «Бомба түсті, содан бәрі өліп қалды» немесе «Барлығын атып кетті» деп жауап беретін. Сурет салғанда да тек агрессияны сипаттайтын қою қызыл, қара түстерді пайдаланатын, — дейді фильмдегі психолог Сәуле Мұқанова.
Кейіпкерлердің бірі Римма Қарғандыда колледжді құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған. Жолдасы Мысырда әскери дайындық емтиханын тапсырып келіп, Сирияға кететіні туралы айтқан екен. «Дайындыққа 300 адам қатыстық, содан өткен 50 адам Сирияда емтихан жалғастырамыз» деп Римманы сендірген. Сөйтіп олар жолдасының шешімімен ел асып кетеді. Римма ол кезде 21 жаста еді. Қазір ол — төрт баланың анасы. Елге «Жусан-3» операциясымен оралған. Қарағанды тұрғынының айтуынша, Сирияда әйел адам «қасқыр мінезді» болуы керек екен.
Екінші кейіпкер Айғаным 27 жаста. Сирияға 4 жыл бұрын кеткен. Ол кезде колледжді ағылшын тілі мамандығы бойынша тәмәмдаған еді. Қазір оның Сирияда дүниеге әкелген ұлы бар. Айғаным елде болғанда сауда үйінің бірінде сатушы болып жұмыс істеген екен. Сонда сөйлесіп жүрген жігіті күнде келіп, уағыз айтып, Сирияға бару дұрыс деп сендірген. 2 жыл бойы оның уағызын тыңдап, кейін оған тұрмысқа шыққан. Сирияға да бірге аттанған.
Фильмде төрт әйелдің тағдыры көрсетілді. Автор кейіпкерлерге бастан кешкенін баяндатып, көрерменге олардың өкінішін, қазіргі жағдайын жеткізуді мақсат еткен. Жуырда фильм әлеуметтік желілерге жүктеледі.
Бұл жұмысты түсіруге АҚШ-тың Бейбітшілік институты, PeaceTech Lab және MediaNet Халықаралық журналистика орталығы қолдау көрсетті.